НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин Ashyq жобасына қатысушыларға демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін пысықтауды тапсырды.
Бұл туралы ол кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында мәлімдеді.
"Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп Ashyq жобасына қатысушыларға демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік беру мәселесін пысықтауды тапсырды", - деп хабарлайды primeminister.kz.
Айта кетері, қазір Ashyq жобасына қосылған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 111 мыңнан асады. Олардың жартысынан көбі сауда, тамақтану және білім беру салаларында қызмет көрсетеді. Жобаға қатысушылар санын арттырудың арқасында карантин талаптарын бұзатындарды анықтау 15 есе өсті.
Сондай-ақ бизнес субъектілерін қамтуды одан әрі ұлғайту мақсатында Ashyq-қа қатысуға өтінім беру және QR-код алу тәртібі жеңілдетілді.
Тағы оқыңыз: Кәсіпкерлер "жасыл" статусы барлар үшін той өткізуге рұқсат беруді сұрады
Бұдан бөлек отырыста Мамин "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бизнесті Мемлекеттік қолдау шараларын алушылардың бірыңғай реестрін қалыптастыру үшін заңнамаға енгізілетін қажетті өзгерістерге талдау жүргізуді, сондай-ақ тиісті тәсілдер мен критерийлерді дайындауды тапсырды.
"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пандемиядан ең көп зардап шеккен салалардың қазіргі жағдайы және экономиканың өндірістік секторларын дамыту перспективалары бойынша Қазақстанның 10 мыңнан аса кәсіпкері қатысқан сауалнаманың аралық қорытындысын ұсынды.
Премьер сауалнаманың соңғы қорытындысын егжей-тегжей зерделеуді және бизнесті одан әрі қолдау бойынша қосымша шаралар дайындауды тапсырды.