НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы демалыс күндерін ауыстыру туралы үкімет қаулысының жобасын әзірледі.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланған.
Еңбек кодексінің 85-бабы 3-тармағына сәйкес және жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында үкімет келесі жылы демалыс күндерін ауыстыруды жоспарлап отыр.
Демалыс күндері:
- 2022 жылғы 5 наурыз сенбіден 2022 жылғы 7 наурыз дүйсенбіге;
- 2022 жылғы 27 тамыз сенбіден 2022 жылғы 29 тамыз дүйсенбіге ауыстырылсын, делінген қаулыда.
Айта кетері, 2022 жылы 8 наурыз мейрамы сейсенбіге түсіп тұр. Осылайша қазақстандықтар қатарынан үш күн – 6, 7 және 8 наурыз демалады. 30 тамыз – Конституция күні де сейсенбі күні аталып өтеді. Сол себепті бұл мейрамда да адамдар қатарынан үш күн – 28, 29 және 30 тамыз демалмақ.
"Демалыс күндерін алдын ала ауыстыру демалуды, мәдени-бұқаралық және корпоративтік іс-шараларды, сондай-ақ олармен байланысты шығыстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді", - делінген түсіндірме жазбада.
Қаулы жобасын қоғамдық талқылау мерзімі 7 қыркүйекке дейін созылады.