НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз — Sputnik. Алматыда болған жол апаты салдарынан троллейбустың жеті жолаушысы зардап шекті.
Оқиға 21 тамызда сағат 14:30 кезінде болған. Yongman маркалы троллейбусы Абай даңғылымен батыс бағытқа қарай қозғалып бара жатты. Жүргізуші рөлге ие бола алмай жерасты өтпе жолына соғылды. Бұл туралы Алматы полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
"Апат салдарынан жеті адам зардап шекті. Олар қалалық клиникалық ауруханаларға жеткізілді", - деді полицияда.
Зардап шеккендер арасында балалар да бар. Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері оқиға себебін анықтап жатыр.