Денсаулық

Вакциналау паспортын сатып алғандарға "рақымшылық" жасала ма

© Sputnik / Тимур БатыршинПаспорт вакцинации в Казахстане
Паспорт вакцинации в Казахстане - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.08.2021
Жазылу
Кейбіреулер екпе туралы толық ақпарат алмай, желідегі алыпқашпа әңгімелерге сеніп қалды. Мұның бәрін ескере отырып, оларға заңды түрде вакцина жасау мүмкіндігін беру керек, деді министр

НҰР-СҰЛТАН, 20 тамыз — Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакциналау паспортын сатып алғандарға "рақымшылық" жасау мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде ең алдымен медицина қызметкерлері заң бұзып отыр. Ондай әрекеттер қатаң жазалануға тиіс. Қылмыстық істер де қозғалды. Қазір заңбұзушылықтар азайды. Ендігі мәселе – вакциналау паспортын сатып алғандарға екпе салу. Бұны заң бойынша қалай істейміз? Біз осы мәселелерді пысықтап жатырмыз", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Министрдің ойынша, кейбір адамдар жалған дәрігерлердің жетегінде кетіп, вакциналау паспортын сатып алған. Кейбіреулер екпе туралы толық ақпарат алмай, желідегі алыпқашпа әңгімелерге сеніп қалды. Мұның бәрін ескере отырып, оларға заңды түрде вакцина жасау мүмкіндігін беру керек.

"Біз ондай мүмкіндікті заң жүзінде беру мәселесін пысықтап жатырмыз. Қойылатын талап, құқықтық мәселелер нақтыланады. Ұсыныстар дайын болғанда жариялаймыз", - деп атап көрсетті Цой.

Осы орайда тілшілер: "Сонда вакциналау паспортын сатып алғандар өз ақшасына екпе салдыра ма? Әлде, тегін бола ма?", - деп сұрады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі кезде дәл осы мәселелер пысықталып жатыр.

"Қалай және қандай форматта болатынын кейінірек айтамыз. Сол кезде бәрінің жауапкершілігі анықталады. Оларға вакцина тегін бола ма? Ақылы түрде салына ма? Оны да анықтаймыз", - деді Цой.

Жаңалықтар
0