МӘСКЕУ, 19 тамыз – Sputnik, Мария Науменко. Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің бұқаралық коммуникациялар және медиабизнес департаментінің доценті Геворг Мирзаян 30 жылдың ішінде Украина мемлекет ретінде қалыптасып үлгермеді деп санайды.
Мирзаянның айтуынша, оған мемлекет құрудағы сәтсіз формат пен "Украина – Ресей емес" деген ұстаныммен барлық бағыт бойынша Ресейге қарсы шығу әсер етті.
Ол Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұрынғы бес республика – Ресей, Армения, Грузия, Литва мен Молдованың мемлекеттік қалыптасуды одан әрі бекітуге қауқары болғанын атап өтті. Кеңестік басқа республикалар барлығын жаңадан бастауға мәжбүр болған. Соның бірі – Украина.
"Мемлекетті беларустар мен қазақтар секілді азаматтық ұлттар негізінде құруға болар еді. Себебі олар өз аумағында ұлты, діні мен тілі алуан түрлі азаматтар тұрып жатқанын жақсы түсінді. Украиндар көпұлтты мемлекет қалыптастырудың орнына өзінің орысшыл емес екенін барынша паш ететін республика құруға тырысты", - деп санайды сарапшы.
Украина халықаралық қарым-қатынастың жеке субъектісі ретінде өмір сүрген кезеңнің тарихы осылай жазылып жатты. Ақыр соңында украин қоғамы орыс тілді және орыс тілді емес болып екіге бөлінді.
"Майданнан кейін украин билігі бұл саясаттың қарқынын күшейте түсті. Олар енді "Антиресейді" құрып жатты. Яғни мемлекет өзінің орыспен бауырлас ел екенін жоққа шығарумен қатар, оған қарсы тұра бастады", - деп түйіндеді сарапшы.
Оның пікірінше, мұндай саясаттың нәтижесі бүгін айқын көрініп тұр: Украинада индустриясыздандыру, өсудің кемуі, азаматтық соғыс, экономикалық дағдарыс жүріп жатыр.
Орыстар ана тілінен қол үзіп қалды
Украинаның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда тегі, ұлты, білімі, тілі, саяси көзқарасы, тұратын мекені және тағы басқа белгілеріне қарамастан Украина КСР барлық азаматтың теңдігін қамтамасыз етеді деген бөлім бар. Бірақ уақыт өте келе бұл қағида келмеске кетті, деп санайды Донбасс кинематографистер одағының төрағасы Роман Разум.
"Орыс тілді азаматтардың құқығы тапталып жатыр. Орыс балалар орыс мектептерінде оқып, ана тілін меңгеруден қол үзіп қалды. Орыс фильмдері мен әндеріне де тыйым салынған. 2014 жылға дейін теңдік біршама сақталып келді деуге болады. Алайда мемлекеттік төңкерістен кейін және азаматтық соғыс басталған соң барлығы қиындай түсті", - деді ол.
2020 жылы Украинада орта білім туралы заң қабылданды. Осы актіге сәйкес, украин тілді этникалық украиндер мен "байырғы халық" өкілдері (іс жүзінде тек Қырым татарлары, қарайымдар мен қырымшақтар) ғана мектептегі сабақты 100% өз ана тілінде өткізе алады. Ал "ЕО елдері тілін" қолданатындар үшін оқу уақытының тек 40%, ал орыстар мен орыстілділер үшін оқу уақытының 20%-ін ғана ана тілінде өткізуге рұқсат берілді.
Оның үстіне Украинаның Бас прокуратурасы "Кивалов – Колесниченко заңы" негізінде қабылданған орыс тілінің өңірлік мәртебесі туралы жергілікті биліктің шешімін жоққа шығарып келеді. Бұл заңды "майданшылардың" жеңісінен кейін қолданыстан алып тастауға тырысты және 2018 жылдың наурызында оны "конституцияға қарсы" деп таныды.
2021 жылдың шілдесінде президент Владимир Зеленскийдің ұсынысымен жергілікті халық туралы заң жобасы қабылданды. Киевтің пікірінше, бұл топқа орыстар кірмейді.
"Бұл жағдайды орыстілді халықтың геноциді деп айтуға әбден болады. Оның үстіне Украинада орыстарға қатты қысым жасалып отыр. Азаматтық соғыс салдарынан көп адам елден кетті", - дейді Разум.
РФ президенті әкімшілігінің мәліметі бойынша, 2016-2020 жылдар аралығында Украинаның миллионға жуық азаматы Ресей азаматтығын алды. Ресей ІІМ статистикасы бойынша 2020 жылы Ресей Федерациясының паспортын алған шетелдік азаматтардың 62%-і – Украина азаматтары.
Тұрғылықты мекенжайына қарай қысым көрсету
Қазіргі украин қоғамында "тұрғылықты мекенжайына қарай қысым көрсетпеу" туралы Конституция қағидасы Донбасс тұрғындарын айналып өтуде. 2014 жылдың 1 желтоқсанынан бастап президент Петр Порошенконың жарлығына сәйкес, Киевке бағынбайтын Донбасс бөлігіне қаржы-экономикалық және көлік бойынша бұғаттау енгізілді. Өздеріне тиесілі зейнетақы мен жәрдемақыны алу үшін жергілікті халық "Киевке бағынатын аумаққа" келуге мәжбүр болды.
"Украинада өткен президент сайлауында бізге дауыс бергізбеді. Ал зейнеткерлер көріп жатқан машақат жетерлік. Қария кісілер өздеріне тиісті қаражатты алу үшін Украинамен шекарада тәуліктеп тұруға мәжбүр", - дейді Разум.
Геворг Мирзаян Украинада ұлтшылдық "Антиресей" саясатының негізгі ұстанымына айналғанын айтады. Полиция қызметкерлерінің орыс тілді азаматтарды ұрып-соғуы Украина беделіне әсер етті. Сарапшының пікірінше, мұндай саясат қоғамның құлдырауына, Украина мемлекетінің қирауына, жүйелі проблемаларға және мемлекеттік аймақтық ыдырауға алып келеді.