Өңірлер

"Кенеттен құласа ше?": Өскеменде қабырғасы сөгілген жаңа үйдің тұрғындары қорқып отыр

© Sputnik / Александр Кряжев / Медиабанкке өтужаңа үй, архив сурет
жаңа үй, архив сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.08.2021
Жазылу
Бес қабатты тұрғын үй өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Тұрғындардың көбі ипотека төлеп отырған жандар 

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Өскемен қаласында жаңадан салынған үйдің тұрғындары дабыл қақты.

"Астана" арнасына берген сұхбатында тұрғындар біріншіден бесінші қабатқа дейін қабырғасы сөгілген үй үшін үрейленетінін айтқан.

Олардың айтуынша, бірінші қабаттағы жарықтың көлемі кішкентай болғанымен, жоғарғы қабатта ол 5-7 сантиметрге жетеді.

"Кішкентай екі балам бар. Бұл үйде тұру қорқынышты. Ал жарық пайда болған тұстағы пәтерде үш баласы бар отбасы тұрады. Кенеттен үй құласа ше? Алда қыс, қайда барамыз? Бұл үйді қабылдап алған комиссия бізге жауабын берсін", - дейді осы үйдің тұрғыны Мәдина Жүркібаева.

Бес қабатты тұрғын үй 2020 жылдың соңында пайдалануға берілген. Тұрғындардың көбі ипотека төлеп отырған жандар.  Алайда қазір  олардың басым бөлігі туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Өйткені үйдің астында қалуға қорқады.

Әкімшіліктің арнайы комиссиясы тексеру жүргізіп, үйдің астындағы топырақ отырып қалды деген болжам жасады. Дегенмен, нақты себеп сараптама нәтижесі шыққанан кейін белгілі болады.

"Алдағы күндері үйдің жағдайы толықтай тексеріліп, тұруға жарамдылығы жөнінде шешім шығарылады. Қазір мәселені шешудің бірқатар бағыттары қарастырылып жатыр. Егер комиссия үй тұруға жарамсыз десе бұл мәселені шешудің жолы да қарастырылады", - деді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Әзірге мамандар арнайы құрылғы қойып, жарық пайда болған жерді бақылауға алды. Құрылыс компаниясы үйді күрделі жөндеуден өткізуге дайын екенін айтты.

"Өз тарапымыздан бұл мәселенің себебін тезірек анықтап, оны жоюға күш саламыз. Техникалық зерттеу анықтамасында қандай шаралар жасалуға тиіс екені көрсетіледі. Оның барлығын өз мойнымызға аламыз. Және оны толықтай жою біздің міндетіміз екенін атап өткім келеді", - деді құрылыс компаниясының басшысы Мақсат Шакиров.

Жергілікті әкімдік тұрғындарды қалалық пансионатқа жайғастыру жағын ойластырып жатыр.

Оқи отырыңыз: Иесіз қалған үй Атырау тұрғындарының құтын қашырды

 

Жаңалықтар
0