Өңірлер

Балаларды унитазға байлап қойған: Атырауда түсірілген видео желіде тарап кетті

© Sputnik / Владислав ВодневРебенок и решетка
Ребенок и решетка - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.08.2021
Жазылу
Балалардың денесінде жарақат іздері анықталған жоқ, тергеу жалғасып жатыр, дейді полицейлер

НҰР-СҰЛТАН, 19 тамыз – Sputnik. Әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы №3 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында түсірілген видео тарап кетті. Полиция екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Ақ Жайық порталы.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @atyrauoil.news

Орталық психологиялық-неврологиялық ауытқуы бар балалардың мектеп-интернаты ретінде құрылған. Осы мекеменің бұрынғы қызметкері Ұлбике Бисекенова мамандардың кішкентай балаларға қалай қарайтынын видеоға түсіріп, желіге салып жіберді. Роликтен екі баланы унитаздың тұтқасына төсек жаймамен байлап тастағанын анық көруге болады.  

"Мына баланың бет-аузын қараңыз. Масқара!", - дейді ол.

Ал келесі кадрда қыз бала сіңірі тартылып қалған адам секілді жерде жатыр. Ал видеоға түсіріп тұрған адам жақындап барғанда басын көтеріп қарайды.

"Міне, жерде жатыр, ешкім көмектесіп жатқан жоқ. Медбике қарамайды да. Ешкім алғашқы көмек бере алмай отыр", - дейді автор.

Осы кезде ақ халат киген кісі келіп: "Эльмира, тұршы", - деп, жерде жатқан қызды тұрғызады.

Бұдан бөлек, Бисекенова шелек ұстап бара жатқан ер адамды түсіріп, бұрынғы әріптестері ұрлық жасайтынын айтқан.  

Полиция департаменті интернаттың екі қызметкеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы (Қинау) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

"Балалардың денесінде жарақат іздері анықталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр", - дейді полицейлер.   

Сондай-ақ желіде тараған видеоның сәуір айында түсірілгені анықталып отыр. Бірақ бейнежазба облыстық әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасына шілде айында түскен.

Басқарма басшысының орынбасары Альфия Төлеғариеваның айтуынша, жақында прокуратура мен кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі комиссия орталықта тексеріс жүргізді. Бірақ тәртіп бұзу фактілері анықталған жоқ. Ал видео авторы мүлікті ұрлағаны үшін айыпталған. Содан істің мән-жайы анықталғанша жұмыстан шеттетілген.  

Айта кетері, 2019 жылы бейнебақылау жүйесі арқылы орталық қызметкерлерінің балаларды ұрғаны анықталған болатын. Сол кезде екі санитардың үш жарым жылға бас бостандығы шектелді.

Жаңалықтар
0