Өңірлер

"Халықтың табысы 41,8%-ке өседі": облысты дамыту жоспары бекітілді

© Sputnik / Абзал КалиевЧеловек считает деньги
Человек считает деньги  - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.08.2021
Жазылу
Кешенді жоспарда 36 шара бар екені айтылды. Бес жылдың ішінде 5,8 триллион теңге инвестиция тартылады

НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Министрлер кабинеті Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

5,8 триллион теңге бағытталады

Кешенді жоспарда 36 шара бар. Бұның барлығы облыстың дамуына тың серпін береді. Бес жылдың ішінде 5,8 триллион теңгенің инвестициялары тартылады деген жоспар бар. Соның 1,7 триллион теңгесі шетелден келуі тиіс. Негізгі бағыттар:

  • елді мекендерде инженерлік-коммуникациялық, индустриялық, көлік инфрақұрылымын дамыту;
  • 450 гектарда индустриялық аймақты құрып, 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру;
  • Әйтеке би ауданында катодты мыс өндіру кешенін кеңейту;
  • Мәртөк ауданында титан-цирконий кен орнын игеру;
  • деректерді өңдеу орталығын пайдалануға беру;
  • газ өңдеу зауыты құрылысының екінші кезеңін іске асыру.

Ал агроөнеркәсіп саласында 5 жобаны іске асыру арқылы 2026 жылға қарай облыста суармалы жерлердің көлемін 40 мыңнан 100 мың гектарға, ірі қара мал басын 225 процентке, ал жылқы басын 130 процентке арттыру жоспарланып отыр. Осылайша, ет өндірісі 220 мың тоннаға және сүт өндіру көлемі 447 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Сапалы жолдар ұзарады 

Ақтөбе облысында 525 шақырым республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары жаңартылады. Ол үшін "Ақтөбе-Орск" және "Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы" сияқты жобалар іске асырылады. Бұдан бөлек, "Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын" және "Ақтөбе-Атырау-Астрахань" автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары жалғаса береді. 

"Осылайша жақсы және қанағаттанарлық жағдайда автомобиль жолдарының үлесін 61 проценттен 95-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік болады. Аталған жобалардың жүзеге асыру көршілес өңірлермен жолаушылар ағыны мен жүк тасымалын ұлғайтады. Соның арқасында Ақтөбе облысының тауар айналымы 2025 жылға қарай 1,5 есе артып, 2,3 триллион теңгеге дейін өседі", - дейді ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Кешенді жоспардың тағы бір маңызы бағыты – ғылыми-медициналық кластерін дамыту. Осы салада 8,1 миллиард теңгенің жобалары қолға алынады. Олар: 

  • облыстық көпбейінді аурухананы пайдалануға беру;
  • балалардың онкогематология орталығын салу;
  • 25 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жасау;
  • ауруханаларды жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету; 
  • 49 мектепті салу; 
  • Ақтөбе қаласында колледж студенттеріне арналған 3 жатақхана тұрғызу.

"Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 114 мың жаңа жұмыс құруды қамтамасыз етеді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 21,6 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдері 37 процентке, жақсы және қанағаттанарлық жергілікті жолдардың үлесі 34%-ке, халықтың ақшалай табысы 41,8 процентке өседі. Бұған қоса, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 21%-ке, құрылыс жұмыстарының көлемі 60,7 процентке артады", - деп атап көрсетті Ерғалиев. 

Үкімет Ақтөбе облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын бекітті. Ал премьер-министр Асқар Мамин жоспарды уақтылы және сапалы орындауды тапсырды.

Жаңалықтар
0