НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы қытайлық Vero Cell (Sinopharm) вакцинасының барлық аймаққа жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өңірлерде вакцинаның қажетті көлемі бар. Екпені жеткізу жұмыстары кестеге сай атқарылып жатыр. Қазіргі кезде барлық аймаққа Қытайда жасалған Vero Cell вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Осы саладағы жұмыстар жалғасуда", - деді Цой үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда вакцинаның бірінші компонентін салдырған адамдардың саны 6,1 миллион адамнан асты. Ал екінші дозаны 4,8 миллионнан астам адам алды.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, Түркістан облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында вакцина салу қарқыны жақсы. Ал Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау шараларын күшейту керек.
"Вакцина қорын толықтыру шаралары қабылданып жатыр. Оқу жылына дайындық жұмыстары аясында мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту керек", - деді Мамин.
Айта кетері, премьер-министр "қою қызыл" және "қызыл" аймақтарда демалыс күнгі локдаундарды сақтауға тапсырма берді. Бұдан бөлек, Ashyq жүйесіне қатысатын кәсіпкерлердің санын арттыру қажеттігіне назар аударылды.