НҰР-СҰЛТАН, 18 тамыз – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып жатқанын мәлімдеді. Алайда "қою қызыл" және "қызыл" аймақтарда демалыс күнгі локдаун сақталады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Эпидемиологиялық жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Вирустың репродуктивті индексі 0,97-ны құрап отыр. Ауруханаларда орын 53 процент, ал жансақтау бөлімдері 47 процентке жүктелген. Вакцинаның бірінші компонентін салдырған адамдар саны 6,1 миллионнан асты. Екінші компоненті 4,8 миллионнан астам тұрғынға салынды", - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.
Үкімет басшысы Түркістан облысы, Алматы мен Шымкент қалаларында вакцина салу қарқыны жақсы екенін ерекше атап өтті. Ал Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында осы саладағы жұмысты күшейту керек.
"Вакцина қорын толықтыру шаралары қабылданып жатыр. Оқу жылына дайындық жұмыстары аясында мұғалімдерге вакцина салуды 25 тамызға қарай аяқтап, оқу орындарының дайындығын бақылауды күшейту керек. Халықтың шектеу шараларын сақтауын бақылауды жалғастыру қажет. Ол үшін өңірлерде мониторингтік топтардың саны көбейтілді. Олардың тиімділігін арттырған жөн", - деп атап көрсетті Мамин.
Премьер-министр "қою қызыл" және "қызыл" аймақтарда демалыс күнгі локдаундарды сақтауға тапсырма берді. Бұдан бөлек, Ashyq жүйесіне қатысатын кәсіпкерлердің санын арттыру қажет.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Ashyq жүйесіне қатысатын бизнесмендердің саны 111 мыңға жетіп отыр. Ал халық арасында қосымшаны 4 миллионнан астам адам пайдаланады.