Әлем

Экс-президент Виктор Янукович Украина халқына үндеу жасады

© РИА Новости / Медиабанкке өтуПресс-конференция Виктора Януковича в Ростове-на-Дону
Пресс-конференция Виктора Януковича в Ростове-на-Дону - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.08.2021
Жазылу
2010-2014 жылдар аралығында Украина президенті болған Виктор Янукович Ресеймен тату көршілік қарым-қатынастан бас тартудың салдарын айтты

НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. 2014 жылғы төңкерістен кейін елден кетіп қалған Украинаның бұрынғы перезиденті тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында отандастарына үндеу жолдады.

Үндеудің толық мәтіні РИА Новости сайтында жарияланды.  

"Украина егемендігінің 30 жылдығы қарсаңында мемлекетіміз қандай жолмен жүріп өткені туралы сөз қозғауды жөн көріп отырмын. Неге қол жеткізді, нені жоғалтты? 2014 жылғыдай төңкеріспен емес, Конституцияда бекітілген ережелер бойынша билікке келген ел басшыларының іс-әрекетіне баға беруден аулақпын. Арада отыз жыл өткен соң қателіктер жайлы айту оңай. Әрбір президент, парламентарий, премьер-министр мен үкімет мүшесі сол кезде қалыптасқан жағдайға қарай әрекет етті және көп жағдайда оны өзгертуге мүмкіндігі болмады. Бұл тек Украинада қалыптасқан жағдай емес. Әлемнің кез келген елінің тарихында көшбасшылардың дұрыс та, бұрыс та шешімдерін кездестіруге болады", - деп атап өтті Янукович.

Ол елдің ішкі және сыртқы саясатына ықпал ететін мемлекеттің стратегиялық даму бағыты дұрыс таңдалды ма, жоқ па, осыған зер салу керек екенін айтты.

Виктор Януковичтің пікірінше, КСРО ыдырағаннан кейін мемлекеттің конституциялық негіздері қалыптасып жатқан шақта Украинаның бұрынғы одақтас мемлекеттермен, соның ішінде Ресеймен экономикалық байланысының көп септігі тиді. Алайда кейіннен бұл экономикалық байланыс әлсірей берді.

"Оған ұлтшыл патриоттар мен Батыстың ықпалымен ресми Киев саясатының батыстануы әсер етті. Сол шақта Ресей Федерациясымен толыққанды ынтымақтастықты сақтап қалуға көпвекторлы сыртқы саясаттың ықпалы зор болды. Бұрынғы кеңестік мемлекеттер арасында экономикалық эгоизм басым түскен сол кезеңде бұл Украинаның саяси билігінің ең дұрыс шешімі болды. Себебі еліміздің ұлттық қауіпсіздігін сақтаудың басқа амалы болған жоқ. Көпвекторлықтың арқасында біз ішкі тұрақтылықты сақтап келдік. Ол 2014 жылға дейін жалғасып келді", - деп еске алды экс-президент.

Ол өзінің губернатор, премьер-министр және кейіннен президент болуы өте күрделі кезеңге дөп келгенін айтты. Батыспен де, Ресеймен де сындарлы диалог құруға тырысқан Украина қиындықтан көз ашпады. Янукович сондықтан Украинада ішкі саяси шиеленістің өршуі мен оның оппозиция және билік арасындағы қақтығысқа алып келуі тек уақыт еншісінде болғанын айтты.

"2014 жылы болған мемлекеттік төңкеріс біздің "жұмсақтығымыздың" салдары емес. Ол "Антиресей сипатындағы Украина" жобасын жүзеге асыру бойынша алдын ала белгіленген меже болатын. Егер біз осыны шындық ретінде қабылдасақ, барлығы өз орнына келеді. 2014 жылға дейін де Ресей мен Украина арасында келіспеушілік болып тұрды. Бірақ біз оларды келіссөз, өзара ымыраға келу арқылы шешіп келдік. Себебі екі ел де өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту арқылы алға қарай жылжу қажеттілігін жақсы түсінді. Осы байланыстың арқасында экономикалық өсім артқан, әлеуметтік ахуалы жақсарған Украинаның алдында Еуроодақпен ассоциация туралы келісімге қол қою мәселесі туындады. Мен алдыңғы президенттердің саяси шешімдеріне баға бере алмағаныммен, өзімді бағалауға толық құқылымын", - деді Украинаның экс-президенті.

Ол ассоциация туралы келісімге қол қою кезінде болған оппозиция мен Батыстың қысымы жайлы да айтып өтті.

"Біздің отыз жылдық тарихымыздағы басты қателік Ресейге сеніп қалғанымыз емес, онымен тату көршілік қарым-қатынастан бас тартуымыз екеніне менің толық көзім жетті. Майданда көтеріліске шыққандарға жылынуға көмек беруге шақырған үндеу елдегі дүрбелеңнің басы болды. Бұл украин қоғамының қақ жарылуына, соғысқа, әлеуметтік тұрақсыздыққа, экономикалық дағдарысқа, радикалды ұлтшыл ұйымдардың еркіндігіне, режимге ұнамсыз телеарналардың жабылуына алып келді. Сондай-ақ бұл Донбасс азаматтарына зорлыққа негізделген украинизацияға көнбесе, Ресейге қоныс аударуды ұсынуға, Қырым тұрғындарын жартылай түбекті өз отаным деп санау құқығынан айыруға алып келді", - деді Янукович.

Ол Украина егемендігінің 30 жылдығы қарсаңында Америка-Ресей қарым-қатынасының жай-күйіне толық тәуелді мемлекетке айналғанына қынжылыс білдірді.

"Біздің билік көп қателік жасады, кейде ол ауқымды сипатта болды. Бірақ Украина халқы барлық кезде бейбіт өмір кешті, Еуропадағы аумағы ең үлкен мемлекет болатын. Украина азаматтары жақсы өмір сүру үшін шетелге бас сауғаламаған болатын. Халық саны мұншалық қысқармаған еді. Украиндар конституциялық құықтарын шектейтін заңнаманы бұзды деп айыптаудан үрейленіп, өзінің туған тілінде сөйлеуден ешқашан қорықпаған болатын. Коммуналдық тарифтердің қымбаттығынан кедейленіп кетпеген еді. Бірақ, сеніңіздер, бәрі де өзгереді. Ол үшін бар болғаны сайлау кезінде мемлекетті басқара алатын, экономика заңын білетін, адамның туған тілін құрметтейтін, шіркеуге баратын, жақынына жау емес, жанашырлық танытатын адамға дауыс беру жеткілікті. Мен осыған сенемін. Себебі өз халқымның кемеңгерлігіне, шынайы Тәуелсіздікке деген ұмтылысына сенемін", - деп үндеуін қорытындылады экс-президент.

Жаңалықтар
0