НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Дөң тау-кен комбинатының шахтасындағы жарылыстан жұмысшы әйел қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан кәсіпорынның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше оқиға 16 тамызда сағат 11:45-те Қазақстан тәуелсізігінің 10 жылдығы атындағы шахтада өткізу жұмыстары кезінде болған.
"Жарылыс толқыны екі жұмысшыны шарпыды. Маркшейдер қызметіндегі әйел қаза болды, бір жұмысшы жарақат алды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ол Хромтау қаласының аудандық ауруханасына жеткізілді", - деп хабарлады кәсіпорындағылар.
Қайғылы жағдайға қатысты тергеу жұмыстары басталып, себебі анықталуда.
"Қазхром" трансұлттық компаниясының басшылығы қаза болған жұмысшының отбасына көңіл айтты. Оның және жарақат алған жұмысшының отбасына қажетті көмек көрсетілуде.
Дөң тау-кен комбинаты хром кендерін өндіретін әлемдегі ірі кәсіпорынның бірі.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде шахтада қаза тапқан кеншілер отбасына төленетін өтемақы көлемі белгілі болды.