АЛМАТЫ, 16 тамыз – Sputnik. Алматы полициясы қаладағы медициналық жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Тәжікстан азаматын ұстады. Ол ПТР нәтижесін қолдан жасап сату барысында қолға түсті.
Алматы криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 25 жастағы Тәжікстан азаматына қатысты тексеруді дереккөзден ақпарат алғаннан кейін бастады, деп хабарлады Polisia.kz.
Бірнеше күн ішінде оның жеке медициналық орталықта жұмыс істейтіні, жалған медициналық қорытынды шығаратыны анықталды.
"Ер адам бұл қызметі үшін 20 мың теңге алған. Дерек қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі ("жалған құжат жасау") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Азамат Х. кінәсін толық мойындады. Ол тек бір ғана жалған құжат жасауға қатысы бар екенін мәлімдеді", - деді Алматы қаласы криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Алайда жедел уәкілдер күдіктінің мәлімдемесінің рас-өтірігін тексереді. Ол тергеу барысында анықталады.
ПТР анықтамасын қолдан жасағаны үшін күдіктіге ірі көлемде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.