АЛМАТЫ, 15 тамыз – Sputnik. Ою-өрнек – адамзаттың ортақ мәдениеті. Ол – адамның туғаннан дүниеден өткенге дейінгі аралықтағы эстетикалық көңіл күйі. Ою адамдардың рухани өмірдегі қажеттілігінен туындаған. Мысалы, әйел кестелеп тіккен ою-өрнегі арқылы отбасының тұрмыс-тіршілігін көрсете алған. Сондай-ақ ертеректе киіміндегі өрнекке қарап әйелдің отбасылық жағдайын білген. Бұл туралы ою-өрнек атауын жинастырып, 30 жылға жуық уақыттан бері осы саланы зерттеп жүрген этнограф Байахмет Жұмабайұлы Sputnik Қазақстаға берген сұхбатында айтты.
Қазір жаңа ою ойлап табатындар жоқ
Этнограф қазірге дейін ою-өрнектің 300-ге жуық түрін анықтаған. Олардың бірін кітаптардан алса, енді бірін ел арасында сұрастыра жүріп тапқан. Айтуынша, тағы 40 түрлі оюдың аты белгілі, алайда үлгісі қандай екені анықталмаған.
Маман жинақталған ою-өрнекті алты түрге бөледі. Олар:
- геометриялық;
- жан-жануарға байланысты;
- шаруашылық-тұрмысқа қатысты;
- өсімдікке байланысты;
- еңбек-қимылға қатысты;
- аспан әлеміне қатысты.
"Бұрын ою түрін бейнелеп ойлап тапқандар болды. Қазір ондай жоқ. Біздің ою-өрнегіміздің тарихы тым арыда жатыр. Арғы тегі исламиядан басталады, оның айқын үлгілері бар. Ислам келгеннен кейін бәрі өзгерді. Біздің ою-өрнекте періштелер, адамның бейнесі, батырлар, соғыс бейнеленген. Кейін бәрін өзгертіп, ою-өрнекке айналдырып жіберді. Бұл әлі бір ізге түскен жоқ. Себебі оның ішінде айға, жұлдызға қатысты күрделі жерлері бар", - дейді этнограф.
Маманның айтуынша, ою-өрнек – адамдардың ең алғашқы тіл қатынасының негізі. Ал қазақтың ою-өрнегінің тарихы жартас сызбаларынан басталады. Жартастағы аң, құс, ағаш бейнелері мен көшпенді халықтың тіршілігі, ерлік бейнелері ою-өрнектің алғашқы нұсқасы.
"Адамдар өзіне әсер еткен құбылыс пен заттарды сенімге балап, оны жартастарға түсірген. Оны қарапайым қыш ыдыстарға түсірілгенін археологиялық қазбалар дәлелдейді. Мұндай өрнектер қарапайым "ирек", "томар", "шақпақ", "дөңгелек шеңбер" сынды пішімдер арқылы түсе бастады. Олар уақыт өте келе қазіргі "жиек" өрнектің нұсқасы болды", - дейді этнограф оюлар туралы жарық көрген "Ою-өрнек әлемі" кітабында.
Әр өрнектің өз тарихы бар
"Ертеректе бойжеткен ұзатылып кеткеннен кейін төркінімен көп жыл хабар алыса алмаған. Ол кезде қазіргідей мүмкіндік жоқ. Содан біраз жыл өткен соң төркіні қызын немесе қыз төркінінің жағдайын ою-өрнек арқылы білген. Бұл оқу-тоқу аз замандағы оқиғалар. Өз амандығын, тұрмыс жағдайын ою арқылы бейнелеген. Бір өрнектің ішінде бір үлкен хикая бар", - дейді маман.
Сондай-ақ маман "қышқашбас" оюының шығу тарихын айтып берді. Қышқаш – темірді қысып ұстайтын құрал. Кей өңірде мұны "қысқыш" деп атайды.
"Кезінде бір ауылды темір ұсталығымен, зергерлігімен асырап отырған бір ақсақалдың жалғыз ұлы болыпты. Сол ақсақал ұлына "Мен өлген соң ауыл қаңырап қалады, бұл бүкіл ауылды асырап отырған кәсіп. Үйреніп ал" дейді. Алайда ұлы тыңдамайды. Соған ыза болған ақсақал: "менен үйренбегенді иттен үйрен" дейді. Күндердің бір күні ақсақал дүниеден өтеді. Содан кейін ауыл тұрғындары әке ісін жалғастырады деп ұлына барады. Ол темір қызған кезде оны қалай ұстау керек екенін білмейді екен. Не істерін білмей отырса, бір ит сүйек мүжіп жатыр екен. Қараса, екі алдыңғы аяғымен сүйекті ұстап, мүжіп жатқанын байқайды. Сонда ұлы "әкемнің айтқаны осы болды ғой" деп түсінеді. Содан "қышқаш" өрнегі пайда болған", - деп атап өтті этнограф.
"Ою-өрнек әлемі" кітабында "бесбармақ" өрнегінің шығу тарихы жазылған. Соған сәйкес, ертеде бір кедейдің жалғыз қызы болыпты. Ол он саусағынан өнер тамған шеберлігімен төңірегіндегілерді тәнті қылған. Ел назарынан да құр қалмаған. Осыны естіген бір қатыгез адам қызды күштеп алып кетпек болады. Қыз бір ай ата-анасының жанында болып, соларға мүлік әзірлеп беруге рұсқат алады. Қыз көз жасын төгіп, күнді түнге жалғап іс тігеді. Солай жүргенде айға жетпей он саусағы тесіліп, дүние салады. Ал бойжеткен тіккен бұйымға саусағынан тамған қан дақтары өрнек болып қалған екен. Сол артынша "бесбармақ" өрнегі аталған.
Оюды орнымен қолданбайды
Маманның айтуынша, әйелдер көйлегінің етегіне "өрмекші", "қоңыз" өрнектерін түсірген. Бұл әйелдің таза жүруі, пәле-жаладан аулақ болу секілді тілектен туған. Ал ерлердің балағына "қошқар мүйіз", "гүл" өрнегі түскен. Сол арқылы бай, ұрпақты болуды тілеген.
Сол сияқты күйеуі жоқ қаралы әйелдер шек шытыра жақты кимешек киген.
Этнографтың айтуынша, кейінгі кезде шығармашылық адамдары оюды оңды-солды қолданады. Сырмаққа түсуі керек оюды киімге, киімге түсетін оюды текеметке салып жүр.
"Қазір "қошқар мүйіз", "гүл", "ұсақбау" деген өрнектер көп қолданылып жүр. Мүлде қолданылмаған өрнектер де көп. Қазақта "қарғыс" өрнектері де бар. Дінде "албастыдан қорғану" өрнектері болады. Мұның бәрі ашылмай жатыр. Өрнектердің бояуында да мән бар. "Қарғыс" бояу арқылы келеді. Қара, қанық сары түсті қазақта көп қолданбайды. Сарының сарғаю, сағыну, зарығу секілді жамандыққа әкелетіні бар", - дейді Байахмет Жұмабайұлы.
Мысалы, халық сенімінде қызыл – ауру қоздырғыш, көк – сергек көңіл, ақ – тазалық пен пәктіктің бейнесі ретінде қабылданған. Қандай да бір түсті ою-өрнекке түсірген кезде де әр түстің қасиеті, жақсы және жаман тұсы бар екеніне айрықша мән берген.