Әлем

Ғалымдардың климаттың өзгеруіне қатысты болжамдары жаға ұстатады

© AP Photo / Victor CaivanoПтицы летают над почти засохшей рекой Old Parana во время засухи в Аргентине
Птицы летают над почти засохшей рекой Old Parana во время засухи в Аргентине  - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.08.2021
Жазылу
2050 жылға таман теңіз деңгейі 15-30 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін.  Бұл да – жаһандық жылынудың әсері

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. БҰҰ 2015 жылы климат бойынша Париж келісімін қабылдаған еді. Оның басты мақсаты – парниктік газдардың мөлшерін азайту. Бұл туралы "Әлем" бағдарламасында айтылды, деп хабарлады Хабар 24.

Соның арқасында 2100 жылға дейін әлемде орташа жылдық температураның 2 градустан артық көтерілуіне жол бермей, көрсеткішті 1,5 градус шамасында ұстап тұру көзделген. Алайда ғалымдар бұл көрсеткішке 80 жылдан кейін емес, алдағы 20 жыл ішінде жетуіміз мүмкін екенін ескертіп отыр. Ондай жағдайда аптап ыстық жиілей түседі. Жылы мезгілдер ұзарады. Тиісінше мұздықтар тез еріп, су басу қаупі арта түседі. Теңіз экожүйесі бұзылады.

"2050 жылға таман теңіз деңгейі 15-30 сантиметрге дейін көтерілуі мүмкін. Сорақысы сол – ауаға бөлінетін зиянды заттардың мөлшерін азайтқан күннің өзінде де біз осындай жағдайға тап болуымыз ғажап емес. Бұл да – жаһандық жылынудың әсері", - дейді мұхит пен атмосфера туралы ғылымдар институтының директоры Боб Копп, Жер.

Сарапшылар жаһандық жылынудың ең басты себебі адамның іс-әрекетімен байланысты дейді. Мәселен бір ғана орман өртін алып қарасақ, Италияда биыл жазда тілсіз жаудың 70% адам қолымен жасалған. Көбінде от қасақана қойылыпты. Тек 2% ғана найзағай түсуі секілді табиғи жағдайлардан болған.

"Ғалымдар не істей алады? Олар баяндамалар дайындайды. Алайда әлемді құтқарып қала алмайды. Олар тек болып жатқанды түсіндіріп, не боларын болжайды. Жаһандық жылынумен күресте түрлі елдердің билігі әрекет ету керек. Мәселен ауаға бөлінетін зиянды заттардың төрттен бірі Қытайдың үлесінде. Бірақ Қытай билігі әрекет етпесе, біз өз бетімізбен бұл мәселені қалай шешеміз?", - дейді жаһандық жылыну жөніндегі компанияның атқарушы директоры Джон Совен.

Негізі сарапшылар жаһандық жылынудың салдары қазірдің өзінде байқалып отырғанын айтады. Мысалға Еуропадағы орман өртін келтіреді. Ол Италия, Түркия, Грекия халқын әбігерге салды. Негізі Грекияда жылда орман өртенеді. Алайда биыл кейінгі 35 жылда болмаған аптап тіркелді. Бұл тілсіз жаудың өршуіне қолайлы жағдай жасаған. Италияда жуырда термометр бағаны 48,8 градусты көрсеткен. Кейбір мамандар мұндай температура Еуропада алғаш рет тіркелгенін айтады.

Баяндама авторларының айтуынша, бұрындары аптап ыстық 50 жылда бір болса, қазір 10 жыл сайын қайталанады екен. Егер орташа температура бір жарым градусқа артса, бұл құбылыс 7 жыл сайын тіркелетін болады. Жаһандық жылынудың әсері АҚШ-та да байқалып отыр. Мәселен Калифорнияға мәңгі қуаңшылық қаупі төніп тұр.

Құрғақшылық мәселесі Қазақстанды да айналып өтпеді. Салдарынан мал шаруашылығы қатты зардап шегіп отыр. Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жем-шөпті басқа елдерге  шығаруға тыйым салынды. Осы ретте еліміздің батысындағы жағдай жаһандық жылынудың бір көрінісі емес пе деген сауал туындайды. Бұл жайында мамандар былай дейді.

"Бұл жағдай әрине, аномалды болып табылады. Бірақ ол кездейсоқ жағдай емес. Себебі температураның жоғарылауы жыл сайын байқалып отырады. Бізде Қазгидрометтің деректері бойынша Қазақстанда әр 10 жыл сайын температура 0,2 - 0,3 градусқа артады, әрбір 10 жыл сайын. Бірақ Батыс Қазақстанда ол көрсеткіш – 0,38 градус. Елде климаттың өзгеру салдарлары байқалады. Бірінші кезекте ол – мұхиттағы шағын аралдар", - деп түсіндірді климаттың өзгеруі жөніндегі маман Сабыр Асылбеков.

Ғалымдар бәріне ең алдымен адамзат кінәлі екенін айтады. Сондықтан мәселені шешу де өзіміздің қолымызда. Сарапшылар Париж келісіміне қол қойған тараптар құжаттағы міндеттемелерді бұлжытпай орындау керектігін айтып отыр.

Негізі келісімде бұл үшін айыппұлдар қарастырылмаған. Бірақ кейбір сарапшылар тиісті жаза қолдану климатың өзгеруімен күресте айтарлықтай нәтиже беретінін айтады. Мәселен Францияда енді темекі өнімдерін өндірушілер жыл сайын мемлекеттік бюджетке 80 миллион еуро төлейді. Қомақты ақша көшеде жатқан тұқылдарды жинауға жаратылады. Негізі тұқылдарды арнайы бөлінген орынға тастамағандарға да айыппұл қарастырылған. Осылайша қоршаған ортаның ластануы үшін темекі шегетін адаммен қатар өндірушілер де жауапқа тартылады.

Жаңалықтар
0