Еуропаның 11 курорт қаласы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Оның ішінде Чехияның үш қаласы бар.
"Бұл қалалар минералды судың табиғи бұлақ көздерінің айналасында салынды. Ол XVIII ғасырдан бастап 1930-шы жылдарға дейін дамыған халықаралық еуропалық курорт мәдениетінің айғағы болып отыр. Бұл нысандар медицина, ғылым және бальнеология саласындағы адам құндылықтары мен жетістіктерін алмасуды айқындайды", - деп жазылған ЮНЕСКО хабарламасында.
ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізімі 1978 жылдан бері қалыптасып келеді. Оған адам үшін зор маңызы бар көркемдік, тарихи және табиғи ескерткіштер, сондай-ақ теңіз нысандары кіреді. Сарапшылардың мәліметінше, қандай да бір нысанды осы тізімге енгізу туристер мен жарнаманың арқасында сол нысанды пайдаланудың табысын арттырады.
Бельгия, Франция, Италия, Германия, Австрия, Ұлыбритания мен Чехия бірлесіп Еуропаның әйгілі курорт қалаларын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге өтінім дайындады.