MerMagic Con Вирджиния штатындағы Манассаста, Freedom Aquatic Center су орталығында өтті. Бұл - су перілерінің әлемдегі ең ірі фестивалі.
Мерекеге түрлі жастағы, бойы мен дене пішіні әр алуан адам қатыса алады. Ешқандай шектеу жоқ. Бастысы – су перісінің киімінде жүзуге деген ниет пен қабілет.
Әдетте су перілері фестивальге жылтыр, ашық түсті киімдер киеді және бұл шараға бір жыл бойы дайындалады. Себебі "су перілерінің балына" арнайы костюм тіккізу де қомақты қаражатты қажет етеді. Киім, аксессуарлар және ең алдымен су перісінің құйрығы арзан тұрмайды.
Ертегі кейіпкерінің құйрығы әдетте образдың ең қымбат бөлшегі болады. Оның бағасы 2-3 мың доллар шамасында. Ол силиконнан, поролон және матадан дайындалуы мүмкін.
Фестиваль кезінде сұлулық байқауы да ұйымдастырылып, жылдың ең сұлу су перісі анықталады. Шараға қатысушылар арасында жүзуді сүйетіндер, энтузиастар, жүзумен кәсіби деңгейде айналысатын спортшылар да бар. Фестивальге тіпті 5 жастан асқан балалар да қатыса алады.