Білім

Бетперде, вакцина, айыппұл: студенттер биыл қалай оқиды

© Sputnik / Тимур БатыршинКөшеде бетперде киген қыздар
Көшеде бетперде киген қыздар - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.08.2021
Жазылу
Студенттер де дәстүрлі оқу форматында білім алуға көшірілді. Дегенмен оларға бірқатар қатаң талап қойылып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 15 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылында мектеп оқушылары ғана емес, колледж бен университет студенттері де дәстүрлі форматта оқитын болады. Алайда офлайн білім алу үшін санитарлық талаптарды орындау қажет. Ал 18 жастан асқан студенттер вакцина алуға тиіс. Sputnik Қазақстан жаңа оқу жылының негізгі ережелерін ұсынады.

Басты талап – вакцина алу

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, колледждер мен жоғары оқу орындарын дәстүрлі форматқа ауыстыру үшін оқытушылар, қызметкерлер, жатақхана мен асхана жұмысшылары толығымен вакцина алуы шарт. 18 жасқа толған студенттер де екпе салдыруға тиіс.

Санитарлық талаптарға сәйкес, жатақханаға тек вакцина алған студенттер ғана орналаса алады. Ал екпе салдырмаған жастар онлайн оқыту форматына ауыстырылады.

"Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында оқу корпустары, кітапханалар мен жатақханалардың кірберісінде міндетті түрде "Ashyq" қосымшасы болады. Бұдан бөлек, эпидемияға қарсы санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет. Ол үшін медицина қызметкерлері оқытушылар мен білім алушылардың денсаулығын қадағалап отырады. Бұқаралық шараларға тыйым салынады. Сондай-ақ дәріс залдарында рециркуляторлар тұруы керек немесе бөлме іші үнемі желдетілуге тиіс", - дейді Цой.

Бұдан бөлек, асханаларда, аудиториялар мен мәжіліс залдарында сақтық шаралары сақталуы шарт.

Олар:

  • асханада отыратын адамдардың арасында кем дегенде екі метр арақашықтықты сақтау;
  • корпус бөлмелері, аудиториялар, спорттық және мәжіліс залдарын 40-50 процентке ғана толтыру;
  • зертханалық, практикалық және студиялық сабақтар, сондай-ақ, жатақхана бөлмелерінің сыйымдылығын 50 проценттен асырмау.

Сабақта бетпердемен отырады

Министрліктің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев студенттердің вакцина алғанына қарамастан бептердені киюге міндетті екенін де ескертті.

"Мектеп оқушылары да, студенттер де, оқытушылар да, мұғалімдер де оқу ғимаратының ішінде және сыртында міндетті түрде маска тағып жүруі керек. Бізде маска режимін тоқтату мәселесі әлі қаралған жоқ. Ұжымдық иммунитет қалыптасқан кезде ғана бұл мәселе қарастырылуы мүмкін. Өйткені вакцина алғанына қарамастан вирусты жұқтыру фактілері бар. Оны ешкім жасырмайды. Сондықтан кез келген азамат вакцина алды ма, алмады ма, бетпердені міндетті түрде тағуы керек", - деді Байтанаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Шприцы с вакциной от коронавируса, подготовленные для инъекций  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.06.2021
Қоғам
Тегін тамақ ішеді: Вакцина алған студенттер мен оқытушыларға бірнеше жеңілдік жасалады

Осы орайда мониторингтік топтардың колледж пен университет аймағында тексеру жасап жүретінін айта кету керек. Ол үшін топ мүшелерінің құзіреті кеңейтіледі. Олар оқу орындарына, соның ішінде асханалар мен жатақханаларға емін-еркін кіріп, санитарлық талаптарды бақылайды. Ал тәртіп бұзғандар әкімшілік жазаға тартылады.

Айта кетері, денсаулық сақтау министрлігі 10 миллион адамға вакцина салдыруды жоспарлап отыр. Тек сонда ғана коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитет туралы айтуға болады. 

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын 6 миллионнан астам адам алды. Ал екі бірдей дозасын салдырғандардың саны 4,7 миллион адамды құрап отыр. 

Оқи отырыңыз: Вакцина салдырған студенттерге сыйлық беретін университет көбейді

Жаңалықтар
0