НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз — Sputnik. Telegram-да пайдаланушылар қараша айында балалар жаппай ауыра бастайды, оған мектептер мен балабақшаларда азот оксиді мен бериллий шашу себеп болады деген ақпаратты талқылауда.
Ондағы жазбаға сүйенсек, осылайша ата-аналар балаларды коронавируске қарсы егуге мәжбүр болады.
stopfake.kz сайтының хабарлауынша, бұл ақпаратты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды.
"Бұл фейк ақпарат. Қазіргі уақытта мектептерде коронавирусты таратпау бойынша барлық шаралар қабылданды, 379 540 педагог пен мектеп қызметкерлері вакциналаудан өтті. Бұл барлық орта білім беру қызметкерлерінің 96%-і. Оқушылар арасында коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шаралар алгоритмі әзірленді", – деп хабарлады санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Ол сондай-ақ жалған ақпарат таратушылар ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын еске салды.
Яғни, бұл бап бойынша 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл түріндегі жауапкершілік, 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Оқи отырыңыз: "Улап жатыр": Қуат Хамитов жариялаған видеодағы трактордың не істеп жүргені анықталды
Сондай-ақ, азот оксидін көзге көрінбейтіндей шашу мүмкін емес екенін айта кеткеніміз жөн. Азот оксиді –өткір иісі бар қызыл-қоңыр, кейде қызғылт сары газ. Оны байқамау мүмкін емес.
Берилий - сұр түсті қатты зат. Оны ұнтақ немесе түйіршіктер түрінде ауамен араластырған кезде жарылыс болуы мүмкін. Сондықтан бериллий шашу өте қауіпті идея, оның да назардан тыс қалуы екіталай.
"Демек, оқу орындарында балаларды газдармен улайтыны туралы хабарламалар ойдан шығарылған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалар мен ересектерді COVID-19-дан қорғау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды",- делінген хабарламада.