АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Тиісті жарлық Ақорда сайтында жарияланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарындағы жоғары спорттық жетістігі үшін ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен дзюдошы Елдос Сметов, ІІ дәрежелі "Достық" орденімен ауыр атлет Зульфия Чиншанло марапатталды.
"Құрмет" орденімен Дархан Асаділов (каратэ), Софья Берульцева (каратэ), Сәкен Бибосинов (бокс), Қамшыбек Қоңқабаев (бокс), Нұрислам Санаев (еркін күрес), Игорь Сон (ауыр атлетика) марапатталды.
Токио Олимпиадасының қорытындысы
Қазақстан спортшылары Токио Олимпиадасында 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген болатын.
Президент ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейтінін айтқан еді.
Президент Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек екенін айтты.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Олимпиаданың қола медалі үшін қазақстандық спортшыларға 75 мың доллардан төленеді, ал жаттықтырушылары сыйақы алады.