НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. 10 қыркүйекке дейін Олимпиада ойындары бойынша есеп әзірленеді. Осы құжатта сәтсіз өнер көрсетудің нақты себебі де көрсетіледі. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алдағы бірнеше апта ішінде Ұлттық Олимпиада комитеті республикалық федерациялармен, сондай-ақ, мәдениет және спорт министрлігімен бірге ұлттық құрама командаларының Олимпиададағы нәтижесін талдап, дайындығын жан-жақты пысықтайды. 10 қыркүйекке дейін толық есеп әзірленеді. Сәтті және сәтсіз өнер көрсетудің нақты себептері мен ұсыныстар көрсетіледі", - деді Крюков орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Ал Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев боксшылар командасының нәтижесін "сәтсіздік" деп атады.
"Әр нәрсені өз атымен атайтын уақыт келді ғой, "сәтсіздік" деп айтқан өте орынды шығар. Өйткені өте төмен нәтиже болды. Қазір көшеге шықсақ, бәрі бокс ахуалын айтады. Сондықтан біз үшін өте нашар көрсеткіш, ешкімді ақтамаймыз, өзімізді де ақтамаймыз", - деп атап көрсетті Артаев.
Оның айтуынша, алдағы уақытта боксшыларды дайындау жүйесі өзгеруі мүмкін. Себебі Қазақстанда әлі күнге дейін кеңестік жүйені қолданылады.
"Біз совет үкіметінің дайындығынан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатырмыз. Күніне үш мезгіл дайындықтың өзі балаларға өте ауыр. Сондықтан дайындық кезеңі өзгеруі мүмкін. Бапкерлер мәселесін қарастырамыз және боксшылар рационын да өзгертетін шығармыз", - деді Артаев.
Осы орайда журналистер әлеуметтік желіде боксшылардың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевты жиі сынға алып жатқанын еске салды. Тіпті, оны отставкаға жіберу керек дейді. Артаев осы мәселеге қатысты шешім бар екенін жеткізді.
"Бұл сұраққа жауап дайын. Шамалы сабыр етсеңіздер, бұл сұрақтардың бәріне іс жүзінде жауап береміз. Бір апта көлемінде шамалы уақыт беріңіздер", - дейді Артаев.
Айта кетері, Токио Олимпиадасына 97 қазақстандық спортшы барған. Олардың ішінде 8 адам ғана жүлдеге ілінді. Барлығы қола медальмен елге қайтты. Ал боксшылар екі қоланы қанағат тұтты.