Спорт

Артаев бокстан құрама команданың қалай өзгеретінін айтты

Бахтияр Артаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.08.2021
Жазылу
Оның айтуынша, ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Кәсіпқой боксшылар да келуге дайын. Олармен келіссөздер жүргізілді

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Олимпиададан кейін команданың қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Бірақ Олимпиадаға барған құрама 80 пайызға өзгереді. Өйткені резерв бар, өсіп келе жатқан жастар бар. Бізде кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар. Бәрімен келіссөздер жүргізілді. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттердің бәрі келуге дайын", - деді Артаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, осы спортшылардың барлығы келсе, 70-80 процентке жаңарған команда биыл бокстан әлем чемпионатына барады.

"Биылдан бастап AIBA ережесіне сәйкес, жігіттер 13 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетеді. Ал қыздарымыз 12 салмақ дәрежесінде бокстаса алады. Әлем біріншілігіне нағыз мықтыларды апарамыз. Сол кезде басқа боксты көресіздер. Алла жазса, Олимпиаданың қателігін де сол жерде өзгертеміз", - деп атап өтті Артаев.

Оқи отырыңыз: Қазақ боксшылары алғаш рет Олимпиадада "алтынсыз" қалды

Айта кетейік, 2021 жылғы бокстан Әлем чемпионаты Сербияда өтеді. 2019 жылғы чемпионатта Бекзад Нұрдәулетов (81 келі) алтын жүлдеге ие болса, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) күміс медальді жеңіп алды. Тағы төрт боксшымыз қоланы қанағат тұтты.

Ал Токио Олимпиадасында Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов қана жартылай финалға жеткен. Екеуі де қола жүлдегер атанды.

 

Жаңалықтар
0