НҰР-СҰЛТАН, 12 тамыз – Sputnik. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев еврей қауымы жиналған Rixos қонақ үйіне әлі күнге дейін айыппұл салынбағаны үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшинге шүйлікті. Қала басшысы бұл мәселені жақын арада шешуді тапсырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Алматы" телеарнасындағы "Акимат Live" бағдарламасының эфирінде журналистер Сағынтаевтан қонақ үйге карантин режимін бұзғаны үшін неге әлі айыппұл салынбағанын сұрады. Алматы әкімі бұл сұрақты Бекшинге қойды.
"Біз Орталық синагогаға хаттама толтырдық. Бірақ аудандық әкімдіктен мониторингтік топтың материалдарын күтіп отырмыз. Алгоритм бойынша олар заңбұзушылықты растайтын бүкіл рапортты ұсынуы керек. Растайтын құжаттарды алғаннан кейін біз ұйымдастырушыларға айыппұл саламыз", - деп жауап берді Алматының бас санитар дәрігері.
Ол алгоритм бойынша әкімшіліктен құжаттар қажет екенін нақтылады.
"Жандарбек Мұхтарұлы, растайтын құжаттар мен суреттер БАҚ-та жарияланды. Сізге тағы не керек? Бәрі ап-айқын. Сондықтан шешім қабылдау керек", - деп тапсырды Сағынтаев.
Бекшин қала әкімін аудандық әкімдікпен жұмыс істеп жатқанына сендірді.
"Кім ол жақта жауапты, сізге ұсынсын. Тағы нені дәлелдеу керек? Бәрі біледі", - деп ашуланды Сағынтаев.
Санитар дәрігер тапсырманы орындайтынын айтты.
Тағы оқыңыз: Алматыда қонақ үй алдында фотосессия ұйымдастырғандарға айыппұл салынды – видео
Еске салсақ, Алматыда шілде айында еврей қауымы карантиндік шектеулер кезінде Rixos Almaty қонақ үйінің маңында жаппай фотосессия жасады. Ұйымдастырушыларға 90 мың теңге айыппұл салынды.
Сол кезде Бекшиннің орынбасары Әсел Қалықова қонақ үй басшылығының адамдардың жиналуына еш қатысы жоқ екенін, сол себепті олар айыппұл арқаламайтынын мәлімдеген еді. Айтуынша, Rixos қонақ үйі шектеу шараларын бұзбаған. Себебі жиналғандар ғимарат ішіне кірмеген, тек сыртында фотоға түскен. Қонақ үй басшылығы бұл шарадан хабары болмағанын жеткізген.
Кейін бұл оқиғаға Жандарбек Бекшин түсініктеме берді. Ол әкімдіктің мониторингтік тобынан материалдар түспегендіктен, Rixos-ты жауапкершілікке тарта алмайтынын айтты.