НҰР -СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Карантин кезінде 60 жасқа толғанын дүркіретіп өткізген Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа айыппұл салынды. Мұны облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті хабарлады.
Сондай-ақ бас санитардың талаптарын ескермеген тойхана қожайыны да жазаланған, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
"Материалдарды зерделеу барысында бұл фактілердің бәрі нақтыланды. Той иесіне қатысты әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 425-бабы 1-тармақшасы бойынша айыппұл салынды. Ал тойхана иесіне карантин режимін бұзғаны үшін 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды", - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаев.
Тойдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Шілде айының ортасында аудан басшысы Тараздағы мейрамхананың бірінде туған күнін өткізген. Өңір "қызыл" аймақта тұрғанына қарамастан 60 жасын тойлаған шенеунікті желі қолданушылары сынға алды.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында той өткізген лауазымды шенеунік жұмыстан қуылды
Енді бұл қылығы үшін мемлекеттік қызметкер 87 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген. Дейтұрғанмен бұған қатысты аудан атқамінерлері жұмған аузын ашар емес. Қарамағындағылар әкімнің еңбек демалысында екенін ауызша айтумен ғана шектелді.