НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. 2021 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,7%-ті құрады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл елімізде іскерлік белсенділік жақсарды. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,7%-ті құрады", - деді министр үкімет отырысында.
Айтуынша, нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ке дейін жеделдеді. Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ке дейін өсті.
Ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау салалары жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да жақсы өсім байқалып отыр.
Қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 миллиард АҚШ долларын, оның ішінде экспорт 27 миллиард долларды құрады. Тауарлар импорты 18,3 миллиард долларға жетті.
Жалпы сауда балансы 8,7 миллиард долларды құрап, оң деңгейде сақталды.