НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирустың дельта-штамына шалдығу қарқыны төмендеді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстанда дельта-штамм анықталғаннан кейін шілде айында ауруға шалдығу көрсеткіші өсе бастады. Алайда тамызда өсім баяулады. Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді", - деді Цой үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, 1 тамыздан бастап республика бойынша COVID-тің таралу көрсеткіші 1,11-ден 1,01-ге дейін төмендеген. Ал Нұр-Сұлтан қаласында вирустың бір адамнан таралу қарқыны 1-ден де төмен болды. Алматы қаласында ол көрсеткіш 19 процентке азайды.
Айта кетері, өткен бір тәуліктің ішінде 7 657 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны ПТР-тестпен расталды. Алматыда 1 493 науқас тіркелсе, Нұр-Сұлтанда бұл көрсеткіш 1 161 адамды құрап отыр.
"Қазіргі эпидемиологиялық жағдай мен вакциналаудың қарқынын ескерсек, біз оптимистік сценариймен келе жатырмыз деген болжам бар", - деп атап көрсетті Цой.
Оқи отырыңыз: Цой вакцина алғаннан кейін індеттен көз жұмғандар туралы айтты