НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Air Astana әуе компаниясы ұшар алдында ерікті түрде жолаушылардың салмағы өлшенетінін хабарлады.
"9 мен 31 тамыз аралығында Алматы мен Нұр-Сұлтан әуежайларынан ішкі және халықаралық рейстермен ұшып шығатын, 18 жастан асқан әуе жолаушыларына ерікті түрде салмақ өлшеу қызметі ұсынылады", - деп нақтылады компания.
Ұшар алдында салмақ өлшеу Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) ережелеріне сәйкес, әуе көлігі балансын анықтау үшін статистикалық деректерді жинау мақсатында өткізіледі.
Бұл процедураны әуе компаниялары – IATA мүшелері бес жылда бір рет өткізеді.
Air Astana салмақ өлшеу процедурасы билет құнына еш әсер етпейтінін және ұшу қауіпсіздігін арттыру мақсатында ғана өткізіліп жатқанын атап өтті.
Жолаушылардың салмағы қалай өлшенеді
Салмақ өлшеу рейске тіркелгеннен кейін арнайы дайындалған орында жүргізіледі. Ерлер мен әйелдер бөлек өлшенеді.
Процедура кезінде құпия ақпаратты жинау қарастырылмаған. Салмағын өлшеткен жолаушылар лотереяға қатысады.