Қоғам

Грант иегерлерінің тізімі 15 тамызға дейін жарияланады – БҒМ

© Sputnik / Анатолий УстиненкоАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.08.2021
Жазылу
Грантқа үміткерлердің өтінімін қарайтын комиссияның құрамына мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер және тағы басқалары кірді

НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің төрағалығымен білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы өтті.

Білім министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, грантқа үміткерлердің өтінімін комиссия мүшелері қарайды. Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер, "Қазақстан студенттері альянсы", Отандастар қорының өкілдері кірді.

Гранттар талапкерлердің ҰБТ-да жинаған балына және бекітілген ережелерге сәйкес конкурстық негізде тағайындалады.

"Биыл білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық. Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелерін 15 тамызға дейін жариялау жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.

Айта кетері, президенттің тапсырмасымен осы жылы гранттардың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни, былтыр білім гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңды құрайды.

Сондай-ақ гранттарды бөлу кезінде алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квота көзделген.

Жаңалықтар
0