Денсаулық

Елордалық дәрігер инфекциялық орталықта жатқан науқастар неге өкінетінін айтты

© REUTERS / BENOIT TESSIERАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.08.2021
Жазылу
Дәрігердің айтуынша, инфекциялық стационарда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған науқастар да бар, бірақ, олардың арасында жағдайы ауыр пациенттер өте аз

НҰР-СҰЛТАН, 8 тамыз – Sputnik. Былтырғы сценарий биыл да қайталануда. Қазақстанның барлық дерлік өңірінде эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Күн сайын вирус жұқтырған 7-8 мың адам тіркеледі. Инфекциялық стационарлар науқастарға толы. Эпидахуалдың нашарлауына коронавирустың "үнді" штаммы да әсерін тигізіп отыр.

Нұр-Сұлтан көпбейінді медицина орталығының жоғары санаттағы дәрігер-инфекционисі Гүлнара Нәжімова Sputnik Қазақстанға қалалық инфекциялық орталықта не болып жатқанын айтты.

Күніне 30 науқас емделіп шықса, соншасы қайта түседі

Дәрігердің айтуынша, қазір инфекциялық орталықта істейтін ақхалаттылардың жүктемесі артып, ауыр салмақ түсуде. Төсек-орындар бос емес. Ауыр хәлде түсіп жатқан пациенттер өте көп.

"Біздің стационар 200 адамға шақталған. Күніне 20-30 адамды емдеп шығарсақ, түстен кейін соншасы қайта түседі. Қазір пациенттердің 60-70  пайызы хәл үстінде жатыр, реанимациялық бөлім науқастарға толы. Бірде бір орын бос емес", - қапаланды Нәжімова.

Бұрын COVID-19 егде жастағы адамдар арасында көп таралса, қазір 30 бен 40 жас аралығындағы адамдар жиі жұқтырады. Бұған қоса ауру ауыр түрде өтеді.

Инфекционист мұны вирустың мутациясымен, нақтырақ айтқанда, "дельта" штаммен байланыстырып отыр. Жастардың өмір салты да әсер етіп жатқан көрінеді.

"Көбі басқа қалаға, тойға, жаназаға барғанда жұқтырып әкеледі. Сосын отбасында бір адам ауырып қалса, бәрі індетке шалдығады. Балаларымен түсіп жатқан ерлі-зайыптылар бар. Жалпы, отбасы ошақтары көп", - деді Нәжімова.

Ол инфекциялық стационарда коронавирусқа қарсы вакцина салдырған науқастар да емделіп жатқанын айтты. Бірақ, олардың арасында жағдайы ауыр пациенттер бірен-саран.

Тағы оқыңыз: Ковидтен қайтыс болғандарды сойып тексеретін дәрігер дабыл қақты

"Негізінен, вакцинаның бірінші компонентін алған немесе екінші дозасын жақында салдырған науқастар түседі. Яғни, оларда антидене қалыптасып үлгермеген. Вакцина салғызып, вирус жұқтырғандарда ауру жеңіл өтіп жатыр. Ауыр форма, өлімге әкеп соққан жағдайлар тіркелген емес. Пациенттерді жатқызған кезде, біз кімнің қашан вакцина алғанын білу үшін кесте толтырамыз ғой. Сол кезде кейбірі "вакцина салдырып үлгермедім" деп өкініп жатады. Мұндай адамдарды жиі кездестіреміз", - деді дәрігер.

Былтырғы сценарий неге қайталанды

Дәл қазіргі эпидемиологиялық ахуал 2020 жылдың жазын еске түсіреді. Былтыр да осы кезеңде жағдай мәз емес еді. Гүлнара Нәжімова мұны былай түсіндірді.

"Былтыр коронавируспен ауырып шыққандарда антидене пайда болып, иммунитет қалыптасты. Бірақ содан бері бір жыл өтті ғой, иммунитет әлсіреді. Өткен жылы ауырғандар енді биыл қайта ауырып жатыр. Оның үстіне вакцинацияның басталғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Бәрінде бірдей вакцинадан кейінгі иммунитет түзіліп үлгермеді. Жаңа штамдар да пайда болды. Әсіресе, "дельта" штамм тез тарап, жағдайды ушықтырып тұр", - деді елордалық инфекционист.

Маман "дельта" штамның келуімен пациенттердің жастық құрамы өзгергенін атап өтті. Науқастың жағдайы екі-үш күнде күрт нашарлап, өкпенің басым бөлігі зақымдалады.

"Үнді" штамы несімен қауіпті

Нәжімованың айтуынша, Нұр-Сұлтан аумағында әзірге "дельта" штамм ғана таралған. "Оңтүстікафрикалық", "британдық" штаммдар әзірге кездеспейді.

"Пациенттерден бақылап отырғанымыздай, "дельта" штамм тез жұғады әрі коронавирустың ауыр түріне шалдықтырады. Жеңіл түрде ауыратындар сирек кездеседі. "Үнді" штамы кезінде жөтел, дене қызуы, иіс пен дәм сезу қабілеті жоғалады, тамақ ауырады. Бұған қоса, адамның жүрегі айниды, лоқсиды, іші өтеді. "Дельта" штамм жоғары және төменгі тыныс алу жолдарын, өкпе, асқазан-ішек жолдарын зақымдайды. Жүйке жүйесіне де кері әсерін тигізеді", -  деді ол.

Тағы оқыңыз: 10 тамызға дейін қай сала қызметкерлері вакцина алуға міндетті

Қазір бізге COVID әлі мутацияға ұшырап жатқаны, басқа да жаңа штамдар пайда болып жатқаны туралы ақпарат түсіп жатыр, деп толықтырды маман.

Антиваксерлерді көндіру керек

Нәжімованың айтуынша, ұжымдық иммунитет пайда болғанда ғана, аты жаман індеттен құтыламыз. Алайда ол үшін халықтың сексен пайызы вакцина салдыруға тиіс. Ал екпеге сенбейтін антиваксерлерді "пандемияға тосқауыл болатын жалғыз жол – вакцинация" екеніне сендіру керек.

"Нақты фактілерді келтіріп, оларды сендіру керек. Олардың да туыстары, достары, әріптестері ауырып жатқан шығар. Аурудың соңы немен аяқталуы мүмкін екенін олар да көреді. Мұның бәрін түсіндіріп, сендіруден басқа жол жоқ. Олар өздері қорытынды жасауы керек. Ешкімді вакцина алуға мәжбүрлей алмайсың", - деді дәрігер.

Жаңалықтар
0