НҰР-СҰЛТАН, 7 тамыз — Sputnik. Қазақстандық каретеші Софья Берульцева (61 келі) Токио Олимпиадасының жартылай финалында ұтылып, қола медальді қанағат тұтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жартылай финалда жерлесіміз мысырлық Ферьял Абделазизбен кездесіп, 4:5 есебімен ұтылды.
Бірінші айналымда отандасымыз үш дүркін Еуропа чемпионы, әлем чемионатының екі дүркін жүлдегері түркиялық Мельтем Ходжаоглумен кездесті. Тартысты жекпе-жек тең аяқталды. Осылайша, екеуі бір-бір ұпайдан алып кетті.
Ал екінші жекпе-жекте италиялық Сильвия Семерароны, одан кейін Ирина Зарецкаядан 5:4 есебімен басым түскен. Осылайша, 5 ұпаймен мерзімінен бұрын жартылай финалға жолдама алған болатын. Бірақ қарсыласынан ұтылып, қола медальді қанағат тұтты.
Тағы оқыңыз: Қазақ боксшылары алғаш рет Олимпиадада "алтынсыз" қалды
Айта кетері, бұған дейін каратешіміз Дархан Асаділов та жартылай финалға шығып, ары қарай өте алмады. Сөйтіп, қола жүлдегер атанды.
Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы осымен аяқталды. Ертең, Олимпиаданың соңғы күнінде қазақ спортшылары сынға түспейді.
Бұл жолғы жазғы Олимпиадада ел қоржынына барлығы сегіз медаль түсті, оның бәрі — қола.
Олимпиада-2020 қола жүлдегерлері
- Елдос Сметов (дзюдо);
- Игорь Сон (ауыр атлетика);
- Зульфия Чиншанло (ауыр атлетика);
- Қамшыбек Қоңқабаев (бокс);
- Сәкен Бибосынов (бокс);
- Нұрислам Санаев (еркін күрес);
- Дархан Асаділов (каратэ);
- Софья Берульцева (каратэ).