НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстандық палуан Данияр Қайсанов Токио Олимпиадасында өзбек спортшысынан ұтылып, қола медальді жеңе алмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл жекпе-жекте Қайсановқа қарсы өзбек палуаны Бекзод Абдурахмонов шықты. Қарсыласы бірден шабуылға көшіп, өз әдістерін іске асыра білді. Тіпті, Қайсановты аяғынан ұстап, бірнеше рет айналдырып алды. Қазақстандық палуан екі ұпайды ғана қайтарды. Қорытынды есеп – 2:13.
Қайсанов бірінші жекпе-жекте жапониялық Кейсукэ Отогуроның жауырынын жерге тигізіп, жеңіске жеткен. Ал ширек финалда мысырлық Реда Рамадан Хуссейннен басым түсті. Жартылай финалда жерлесіміз ресейлік палуан Заурбек Сидаковқа жол беріп қойды.
Айта кетері, еркін күрес шеберлерінің ішінен Нұрислам Санаев қола жүлдені жеңіп алған болатын. Дәулет Ниязбеков (65 келі) ертең жұбаныш белдесуін өткізеді. Қалған палуандар Токио Олимпиадасында жарыс жолын аяқтады.
Оқи отырыңыз: Серік Сәпиев боксшыларды сынайтындарға жауап берді