Өңірлер

Бекшин Алматыда науқастардың көбею себебін айтты

© Sputnik / Абзал КалиевЖандарбек Бекшин
Жандарбек Бекшин - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.08.2021
Жазылу
Бекшиннің айтуынша, "дельта" штаммының тез жұғуы және көпшіліктің коронавирусқа қарсы вакцина салдыру қажет екенін елемеуі себеп болып отыр

АЛМАТЫ, 6 тамыз – Sputnik. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың саны тәулігіне 1,6 мың адамнан азаймай тұр. Шілдеде қалада 25 мыңнан астам адамнан инфекция анықталды. Бұл туралы Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның сөзінше, науқастардың 90%-нен "дельта" штаммы анықталды. Тағы науқастар арасында британдық және Ухань штаммы кездеседі.

"20-25 шілде аралығында дельта штаммына байланысты төртінші толқынның басталғаны анық байқалады. Ал ауру тамыздың ортасында көбейеді деген болжам жасалды", - деді Бекшин.

Сонымен қатар Жандарбек Бекшин тұрғындар коронавирус инфекциясын жұқтыратын негізгі орындарды атады.

"Бір аптада алматылықтардың 30%-і сауда орындарында, 18%-і отбасындағы байланыс кезінде, 15%-і қоғамдық көлікте, 13%-і базарда, 4,6%-і демалыс саябақтарында, 4,1%-і дәріханада, 3%-і қала маңына сапар кезінде жұқтырған", - деді ол.

Бекшиннің айтуынша, науқастар санының көбеюіне биологиялық қауіпке қатысты халықтың қырағылық танытпауы, "дельта" штаммының тез жұғуы және көпшіліктің коронавирусқа қарсы вакцина салдыру қажет екенін елемеуі себеп болып отыр.

"Инфекцияның көбеюіне қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде қала тұрғындарының маска режимін елемеуі себеп болып отыр", - деді Бекшин.

Алматыда жыл басынан бері 89 035 адамнан коронавирус табылды.

Жаңалықтар
0