НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз — Sputnik. Сот пара алу арқылы Байқоңыр аумағынан қара металл алып шығуға рұқсат берген мемлекеттік кәсіпорын басшысының міндетін атқарған азаматқа үкім шығарды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің қарамағындағы "Инфракос" республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы сот алдында жауап берді.
Ер адамға жүйелі түрде жалпы сомасы 600 мың теңгені құрайтын пара алды деген күдік тағылды. Сотталушыға заңсыз ақша жеке компания арқылы жетіп тұрған. Ал бас директор Байқоңыр ғарыш айлағының алаңында орналасқан "Инфракос" кәсіпорнының аумағынан 200 тонна қара металды еш кедергісіз алып шығуға рұқсат берген.
Сот 29 шілдеде үкім шығарды. Ер адам 366-баптың 2-бөлімі – "Пара алу" бойынша кінәлі деп танылып, оған 17,6 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл пара көлемінен 30 есе көп. Сонымен қатар сотталушыға мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынды.