Қоғам

Министр Балаева сынға ұшыраған олимпиадашыларға араша түсті  

© Photo : Министерство информации и общественного развития Казахстана Аида Балаева
 Аида Балаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.08.2021
Жазылу
Қандай жағдайда да ұлы спортшыларымыздың жетістігі мен жеңісін ешқашан ұмытпауымыз керек, деді министр

АЛМАТЫ, 6 тамыз – Sputnik. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандық жанкүйерлерден Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылардың бұған дейінгі жетістіктерін бағалауға шақырды.

Айтуынша, қазір Токио олимпиадасындағы кейбір спортшының сәтсіздігіне көпшілік жағымсыз пікір жазып, тым әділетсіз сын айтып жатыр.

"Оның ішінде бұған дейінгі жарыстарда еліміздің атын төрткүл дүниеге танытып жүрген танымал атлеттеріміздің де аты аталуда. 2016 жылы Рио Олимпиадасында Василий Левиттің рингтегі өнеріне бүкіл еліміз тамсанды, оған көрсетілген әділетсіздікке бірге жаны ауырды. Осы жолы Василий жеңілді, бірақ оның осы бес жыл ішінде еліміз үшін дайындалып, кезекті олимпиадалық циклден өтіп, рингке қайта шығуының өзі құрметтеуге тұрарлық шешім деп санаймын", - деп жазды Балаева.

Сондай-ақ министр Токио олимпиадасынан кейін спорттағы карьерасын аяқтаған Ольга Рыпакова келешекте шәкірт тәрбиелейтініне сенім білдірді.

"Ольга Рыпакованың да сәтсіздігі мен оның кәсіби карьерасы аяқталды деген ақпарат көңілге тіпті қаяу түсіреді. Ольга бүкіл саналы ғұмырын отандық спорт жолына арнап, еліміздің атын талай мәрте дүбірлі додаларда асқақтатқан бірден бір жеңіл атлет", - деді министр.

Сондықтан қандай жағдайда да ұлы спортшыларымыздың жетістігі мен жеңісін ешқашан ұмытпауымыз керек. Қиын сәттерде қолдау көрсету арқылы ғана біз оларға сенім ұялатып, келер күндердің жеңістерінен үміт ете аламыз, деп түйіндеді министр.

Айта кететіні, Жапонияда Рыпакова үш аттап секіруден финалға шыға алмады. Бұл қазақстандық спортшы медальсыз қайтқан жалғыз Олимпиада. Ол 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада төртінші орынды иеленді. Алайда оның бәсекелестері допинг қабылдағаны анықталғаннан кейін Ольгаға күміс медаль табысталды. 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде Рыпакова чемпион атанып, 2016 жылы Рио-де-Жанейродан қола жүлдемен қайтты.

Рио Олимпиадасында күміс жүлдені жеңіп алған Василий Левит Токио Олимпиадасында нокаутқа түсті.

Жаңалықтар
0