НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Қазақстандық палуан Нұрислам Санаев (57 келі) Токио Олимпидасының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қола медаль үшін өткен жекпе-жекте Санаевқа қарсы болгариялық Георгий Вангелов шықты. Бірінші кезеңде Вангелов сылбыр қимылдағаны үшін ескерту алды. Соның арқасында қазақстандық палуан бір ұпайға ие болды. Осыдан кейін әдісін шебер орындап, тағы екі ұпай иеленді. Ал екінші кезеңде өз басымдығын ұлғайтты. Қорытынды есеп – 5:1.
Қазақстандық палуан бірінші жекпе-жекте Гвинея-Бисау спортшысы Юна Фафе Диамантиноны жеңген. Ал ширек финалда Азия және әлем чемпионы, жапониялық палуан Юка Такахасиден басым түсті. Бірақ жартылай финалда үндістандық Кумар Равиге жол беріп қойды.
Айта кетері, бүгін әйелдер арасындағы сайыстарда Татьяна Ахметова (53 келі) алғашқы белдесуде ұтылып қалды. Юсуп Батырмырзаев (125 келі) бірінші айналымнан аса алмады. Артынан олардың қарсыластары да жеңілді. Демек екеуі де жұбаныш белдесу мүмкіндігінен айырылды. Ал Данияр Қайсанов (74 келі) жартылай финалға дейін жетті. Алайда ресейлік палуан Зауырбек Сидаковтан ұтылды.
Ертең, 6 тамызда боз кілемге Дәулет Ниязбеков (65 келі), Валентина Исламова (50 келі) мен Әлішер Ерғали (97 келі) шығады.
Оқи отырыңыз: "Бұйырғаны қола екен": журналистер алдына шыққан Бибосыновтың көңілі босап кетті