НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Токио Олимпиадасында еркін күрес шебері Данияр Қайсанов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ширек финалда жерлесіміз мысырлық Реда Рамадан Хуссейнмен белдесті. Бірінші кезеңде қарсыласы бірден алға ұмтылып, үш ұпайды алып кетті. Ал Қайсанов екі ұпай алды. Ал екінші кезеңде мысырлық балуан өз басымдығын бес ұпайға дейін жеткізді. Бірақ Қайсанов өз әдістерін шебер орындап, есепті 8:5-ке жеткізді.
Жартылай финалда жерлесіміз ресейлік балуан Заурбек Сидаковпен күреседі.
Айта кетері, бүгін әйелдер арасындағы сайыстарда Татьяна Ахметова (53 келі) алғашқы белдесуінде ұтылып қалды. Юсуп Батырмырзаев (125 келі) та бірінші айналымнан аса алмады. Артынан олардың қарсыластары да жеңілді. Демек екеуі де жұбаныш белдесу мүмкіндігінен айырылып отыр.
Түстен кейін Нұрислам Санаев (57 келі) болгариялық Георги Вангеловпен қола медаль үшін күреседі. Күні кеше ол жартылай финалға жеткен. Бірақ үндістандық палуаннан жеңіліп қалды.