НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қаражанбас кен орнындағы "Caspian food" ЖШС жұмысшылары ереуілге шығып, президентке бейнеүндеу жолдады, деп хабарлады Lada.kz порталы.
Компания кейтеринг, яғни шалғай жерде тамақтану қызметін ұйымдастырумен айналысады. Ал жұмысшылардың басым бөлігі – әйелдер. 4 тамызда олар далада жиналып, басшылыққа бірнеше талап қойды. Соның бәрін бейнеүндеу арқылы жолдады.
"Біріншіден, жалақымызды екі есеге, яғни, 180-200 мың теңгеге көтергенін талап етеміз. Екіншіден, "Caspian food" ЖШС жұмысшыларына радиацияның денсаулыққа зиян тигізетінін ескере отырып, жалақыдан бөлек коэффицент төлеуін талап етеміз. Сонымен бірге асханада аспен қамтамасыз ету жағдайы қазіргі заман талабына сай емес. Мұнайшылар не жұтса, біз де соны жұтып жүрміз. Радиация бар. Сондықтан қосымша қаймақ, шырын, йогурт, айран мен шұбат берілсін", - дейді жұмысшылар.
Сондай-ақ жұмысшылар жыл соңында 13-ші жалақыны төлеуді талап етті.