НҰР-СҰЛТАН, 5 тамыз – Sputnik. Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Бибосыновтың жекпе-жегі бойынша неге наразылық жасалмағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл Олимпиада AIBA-ның (Халықаралық бокс қауымдастығы - Sputnik) ережесі бойынша өтіп отырған жоқ. Онда бапкерлерге жекпе-жектің қорытындысына қарсылық білдіруге мүмкіндік беріледі. Әрбір командаға екі рет наразылық жасауға болады. Ал осы жолы бәрін Халықаралық Олимпиада комитеті ұйымдастырып отыр. Олар Олимпиаданың алдында бәрімізге "протест болмайды, протест жазбай-ақ қойыңдар" деген. Бәрібір қаралмайды. Сол себепті наразылық білдірген жоқпыз", - деді Кенжебаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бапкерлер Бибосыновтың финалда алтын алатынына сенімді болған.
"Біз Сәкен финалға шықса, ендігі қарсыласы филиппиндік болады деп ойладық. Бибосынов оны Иорданияда өткен турнирде жеңген. Алтын алуға болатын еді. Біз алтынды Сәкеннен ғана күткен жоқпыз. Басқа да жігіттер болды. Бірақ олардың жолы болмай, ұтылып қалды. Бокста біз әрбір спортшыдан үміт күтеміз. Осы жолы Сәкен жақсы дайындалып келді. Бірінші жекпе-жектен бастап жақсы өнер көрсетті. Өкінішке қарай, болмады", - деп атап көрсетті Кенжебаев.
Бас бапкер боксшыларға психологиялық тұрғыда қиын болды деп санайды.
Бүгін Токио Олимпиадасында соңғы боксшымыз Сәкен Бибосынов жартылай финалда ұлыбританиялық Галаль Яфайдан 2:3 есебімен ұтылып, қола медальді қанағат тұтты.
Айта кетері, осы жолы бокстан Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиададан алтын медальсіз қайтады. Токиода олар екі қоланы ғана жеңіп алды.