НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Құтқарушылар Іле Алатауына шыққан кезде жағдайы күрт нашарлаған ресейлік туристі құтқарды, деп хабарлайды ТЖ министрлігінің баспасөз қызметі.
3 тамыз сағат 22.10-да Республикалық жедел-құтқару жасағының кезекші бөліміне Ресейден келген туристер тобына құтқарушылардың көмегі қажет екені туралы ақпарат түскен.
Анықталғандай, 15 турист Советтер шыңына көтерілген.
"Шыңды бағындыру кезінде олардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Алайда топ ішінде дәрігер болғандықтан, ол науқастанған туристің өт қабында тас болуы мүмкін екенін айтқан", - дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Репсубликалық жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы мен кинологиялық топ дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына шықты.
Министрліктің ақпаратынша, 4 тамыз күні туристер Советтер шыңының асуынан (теңіз деңгейінен 3700 метр биіктікте) табылды. Жағдайы нашарлаған бойжеткенге алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Бұл аймақтағы таулы жер таяз және тік жартасты шөгінділерден тұратындықтан, зардап шеккен адамды зембілмен тасымалдауға болмайды. Себебі тасымалдау кезінде қыздың жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін. Сондықтан Алматы қаласының құтқару қызметі әуе бортын ұсынды.
Тағы оқыңыз: Іле Алатауы тауларында ер адам жоғалып кетті
Құтқарушылар әуе кемесінің көмегімен зардап шеккен қызды Үлкен Алматы шатқалындағы тікұшақ алаңына жеткізіп, Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырды.
Айта кетері, бұл топ 29 шілдеде Республикалық жедел-құтқару жасағында тіркелгендіктен, құтқарушылар туристердің маршрутын білген. Бұл іздеу уақытын қысқартуға көмектесті.