НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында бес бірдей ешкіні мотоцикліне байлап тасымалдаған ер адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Yk-News сайтына сілтеме жасап.
Куәгерлер мотоциклінің екі жағына төрт ешкі байлаған ер адамды видеоға түсіріп алды. Ол тағы бір үй жануарын беліне орап алыпты. Сөйтіп төрт түлікті көшемен тасымалдаған. Мотоциклдің мемлекеттік тіркеу нөмірі көрінбейді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазнетте осы видеоны қызу талқыға салды. Көбісі мотоцикл жүргізушісін жануарларға қатыгездік танытқаны үшін сынға алды. Енді біреулер бұл әрекетке түсінікпен қарау керек деп отыр. Себебі малды тасымалдауға да аз ақша кетпейді.
"Ер адам уақытты үнемдеп, бәрін бір рейспен апарып тастауды жөн көрген ғой", - дейді тағы бір қолданушы.
Адамдар видеоның Мақаншыда түсірілгенін жазып жатыр.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме берді. Ресми мәліметке сәйкес, мотоцикл жүргізушісі ұсталды. Оған бірнеше бап бойынша айыппұл салынды.
"2 тамыз күні Үржар ауданының 35 жастағы тұрғынына қатысты бірнеше әкімшілік хаттама рәсімделді. Соның ішінде көлікті куәліксіз және мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүргізу, сондай-ақ мотошлемді қолдану ережелерін сақтамау сияқты тәртіп бұзушылықтар бар", - дейді полицейлер.
Полицияның ақпараты бойынша үй жануарлары тірі болған. Оларға қатыгездік танытылды деген мәселе қаралып жатқан жоқ.