НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Ақтөбе облысында 16 жастағы бозбала құрдасын пышақтап кетті. Полициция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Polisia.kz сайты.
Ресми мәліметке сәйкес, 3 тамыз күні түнгі сағат 01:30-да Ембі қаласы ауруханасының қабылдау бөліміне 16 жастағы кәмелетке толмаған бала пышақ жарақатымен түскен. Оны белгісіз біреулер әкеліп тастапты. Дәрігерлер бірден полицияға хабар берген.
"Жедел іздестіру шаралары барысында 16 жастағы жасөспірім ұсталды. Тергеушілер екі баланың арасында дау-дамай туындап, соның салдарынан бірі екіншісіне пышақ жарақатын салғанын анықтады", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі (Қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Полиция мен білім беру органдары болған оқиғаға себеп болған жағдайларды анықтау мақсатында тексеріс жүргізеді.