Қоғам

Кәсіпкерлер министр Аймағамбетовтің шешіміне наразылық білдірді

© Sputnik / Абзал КалиевШкольная форма в Казахстане
Школьная форма в Казахстане - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.08.2021
Жазылу
Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты білім министрлігі жаңа оқу жылында балаларға классикалық стильдегі киім киюге рұқсат бермек

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылында мектеп формасына талап қойылмайды. Оқушылар классикалық үлгідегі киіммен мектепке бара алады. Алайда кәсіпкерлер министрдің осы бір шешіміне үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды КТК арнасы.

Күні кеше білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында балаларға тағы классикалық стильдегі киім киюге рұқсат берілетінін мәлімдеді. Негізгі себеп – елдегі эпидемиологиялық жағдай. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде дүкендер белгілі бір уақытта, ал кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезектер болып, Covid-19 жұқтыру қаупі күшейеді. Оған қоса, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасы кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Пандемиядан кейін оқушылар қайтадан мектеп формасын киюге міндетті болады.

Алайда мектеп формасын шығаратын кәсіпкерлер министрдің шешімімен келіспей отыр. Себебі олар жарты жыл бұрын дайындық жұмыстарына кіріскен. Ал министр мырза формаға қатысты жаңалықты енді ғана жариялады. Кәсіпкерлер болса, қажетті материалды сатып алып, форма үлгілерін де жасап қойған.

"Былтыр ол жеңіл өнеркәсіптің бір бөлігін жойып жіберді. Биыл қалғанын құртуға шешім қабылдапты. Келесі жылы не болатынын ешкім білмейді. Біз 20-шы жылдан әрең дегенде шықтық. Ал келесі жылы ол формамен не істейміз? Бұның барлығы – миллиондаған шығын. Биыл біз және басқа әріптестеріміз қалдықтарды сатса, келесі жылы жаңа маталарды сатып алу қажет. Бірақ қандай мата аламыз? Кімге? Не үшін? Министр тағы бес минут қалғанда ештеңе керек емес деп айтып жүрмей ме?", - дейді кәсіпкер Сергей Сокирко.

Ал ата-аналар арасында министрліктің шешіміне қатысты екіұдай пікір бар. Біреулер қолдаса, енді біреулер жаңа форманы таңдап жүр.

Оқи отырыңыз: Мектеп формасы міндетті бола ма – Аймағамбетов мәлімдеме жасады

 

Жаңалықтар
0