НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Алматы облысында ерлі-зайыпты ковидтік пневмониядан қайтыс болды. Төрт баласы жетім қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 1990 жылы туған ер адам мен 1989 жылы туған әйел Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына ауыр жағдайда түсті. Екеуінде коронавирустық инфекция анықталды. Пневмония асқынып кеткен.
"Дәрігерлер бар күшін салды. Бірақ құтқара алмады. Әйел жүкті болған. Оған кесар тілігі жасалды. Нәрестені аман алып қалды. Кішкентай қыз мамандардың бақылауында жатыр", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Қайтыс болған ерлі-зайыптының ең үлкен баласы 9 жаста. Туған-туыстары үш баланы алып кетті. Ал Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігі тиісті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Айта кетері, Алматы облысы "қызыл аймақтан" шықпай жатыр. Соңғы тәулікте КВИ жұқтырған 313 адам анықталды.