НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. "СК-Фармация" ЖШС бұрынғы басшысы Берік Шәріп сотта соңғы сөзін айтты. Ол өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2020 жылы сәуір айында медицина қызметкерлеріне арналған қорғаныс құралдарын сатып алу өзекті мәселеге айналды. Сондықтан бәрін стандартты түрде жасауға және барлық рәсімді ұзақ күтуге болмады. Сол кезде қызметтік чат құрылды. Оған денсаулық сақтау министрлігі мен комитеттің барлық мүдделі құрылымдардың басшылары қосылды. Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомствоаралық комиссияға тиісті хабарландыруларды көрсетіп, шекаралар жабық екенін айта салуға болар еді. Ұсыныс жоқ, сатып алу жұмыстары да атқарылмайтын еді. Бірақ мен олай істей алмадым. Жауапкершілікті өз мойныма алып, шешім қабылдадым. Содан, міне, 11 айдан бері тергеу изоляторында отырмын", - деді Шәріп Есіл аудандық сотында.
Оның айтуынша, сол кезде медицина қызметкерлерінің инфекцияны жұқтырмауы мүмкін емес болған. Себебі барша әлем әлі күнге дейін пандемиядан қорғану шараларын іздеп жатыр. Ал науқастармен тығыз жұмыс жасайтын дәрігерлердің вирусты жұқтыру қаупі жоғары.
"Әріптестерім коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде тұр. Сол себепті оны жұқтырмау мүмкін емес. Әлем бойынша дәрігерлер пандемияның басында да, қазір де жұқтырып жатыр. "СК-Фармация" да эпидемияға қарсы шараларға қатысты. Біздің әріптестеріміз де ауырды. Солардың біреуі 2020 жылы маусым айында 38 жаста қайтыс болды. Қашықтан жұмыс істеу қиынға соқты. Шекара жабық, қаржы тапшы. Дегенмен біз қолдан келгенше амалын жасауға тырыстық", - деп атап көрсетті Шәріп.
Осы орайда "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы статистиканы да келтірді. Оның айтуынша, 2002-2003 жылдары SARS вирусы тарап кеткенде әлем бойынша ауруды жұқтырғандардың 21 проценті медицина қызметкері болған.
"Қазір соған ұқсас статистика байқалады. Мәселен, Италияда вирус жұқтырған 6 200 адам – медицина қызметкері. Сол сияқты Испанияда 6 500-ден астам медицина қызметкері коронавирусқа шалдықты. Бұл барлық науқастардың 12 процентіне тең. Бірде-бір мемлекет осы инфекцияға дайын болмады", - дейді Шәріп.
Лобби жасаған жоқпын
Сот кезінде Берік Шәріпке "Inkar" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне лобби жасады" деген айып тағылған болатын. Дәл осы компания қорғаныс құралдарын сатып алумен айналысқан.
Ал Берік Шәріптің айтуынша, "Inkar" ЖШС ұсынған костюмдер барлық талапқа сай болды. Оған қоса, компания ең төмен бағаны ұсынды.
"Синофарм" және "Мехико" қорғаныс құралдарының қажетті көлемін ұсынған жоқ. 300 мың және 500 мың дана деді. Бізге екі миллион дана қажет болған. Ол екі компания бірде-бір куәлік көрсеткен жоқ. Бағасы да екі есе жоғары болды", – деп атап көрсетті Шәріп.
Былтыр дәрі-дәрмек тапшылығы да болды. Халық тұмауға қарсы және қызуды түсіретін препараттарды таба алмады. Сол үшін "СК-Фармацияны" айыптаған. Шәріп осы мәселеге қатысты да өз ойын айтты.
"Мені қамауға алғанда көбісі "СК-Фармация" басшысын дәрі-дәрмек тапшылығы мен гуманитарлық көмекті жымқыру үшін айыптап отыр деп ойлады. Бұқаралық ақпарат құралдары да солай жазды. Алайда "СК-Фармация" жеке меншік дәріханаларға қажетті препараттарды жеткізумен айналыспайды. Мұны бәріміз жақсы білеміз. Мен жұмыстан кеткеннен кейін ғана бірыңғай дистрибьюторға сондай өкілеттілік берілді", - дейді Шәріп.
Осы орайда ол сотқа дейінгі тергеу органдарының гуманитарлық көмекті де тексеріп шыққанын еске салды. "СК-Фармация" бәрін сол күйінде аймақтарға таратып берген.
Шәріп "СК-Фармация" үшін не істеді
Берік Шәріп "СК-Фармацияда" екі жылдай жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу шаралары электронды форматқа ауыстырылды. Бірыңғай дистрибьюторды дамытудың жаңа стратегиясы әзірленді. Өндірістік бизнес-процестердің 70 проценті автоматтандырылды.
"Мен ауруханалар мен емханаларда жатқан науқастарға қажетті дәрі-дәрмекті және медициналық бұйымдарды уақытында жеткізуге тырыстым. Осы жұмыс ашық әрі түсінікті болсын деп, барынша автоматтандыруға күш салдық. Мен жұмыс істеген 2018-2020 жылдар аралығында бюджеттің 65 миллиард теңгесі үнемделді. Осының арқасында денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрі-дәрмек алатын адамдардың тізімін кеңейтті", - деді Шәріп.
Денсаулық сақтау министрлігіндегі жанжал
"СК-Фармация" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп 2020 жылдың тамызында ұсталды. Ол пандемия уақытында медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет дәрігерлердің вирус жұқтыруын күдіктінің заңсыз әрекетінің салдары деп атады.
Бұдан бөлек, Шәріп қару-жарақты заңсыз сақтаған. 2006 жылы ол Шымкенттің "Арсенал" дүкенінде тапанша сатып алған. Бірақ уақытында тапсырмады.
Прокурор оны Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Бұдан бөлек, "Ерен еңбегі үшін" наградасын қайтарып алуды ұсынды.
4 тамызда "СК-Фармация" экс-басшысының ісі бойынша үкім шығарылады.