НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде — Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы Ақмола облысында малдың қырылуына қатысты пікір білдірді.
Орталықтың мәліметінше, Ақмола облысында 500 бас ірі қара ауырып, оның ішінде 10 мал арам өлген. Ветеринарлар бұл эмфизематозды карбункул (ЭМКАР) немесе стоматит салдарынан болуы мүмкін деген болжам айтты.
Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының жүзге жуық малы қырылып қалды
Бірақ бұл екі нұсқаны толыққанды тексеру үшін мамандарға лабораториялық зерттеуге арналған материал жетіспей тұр. Себебі қырылған малдың өлексесін бірден өртеп жатыр, деп хабарлады "Еуразия" арнасы.
"Нормативтік талаптар бойынша үш айдан төрт жасқа дейінгі малға ЭМКАР-ға қарсы екпе салынуы керек. Не себепті бір жастан асқан мал ғана вакциналанғанын анықтау керек. Сонымен қатар тиісті лабораториялық зерттеу үшін ауру немесе өлген малдың биоматериалы неге алынбағанын да білу керек", - деді эпизоотологиялық мониторинг және жануарлардың бактериялық ауруларының қауіптілігін бағалау бөлімінің меңгерушісі Владислава Сущих.
Ол ЭМКАР мен стоматит диагноздары эпизоотологиялық және клиникалық мәліметтер негізінде анықталғанын айтты.
"Барлық елде, соның ішінде Қазақстанда соңғы диагноз кешенді түрде қойылады және лабораториялық зерттеулермен, яғни биосынама алу және қоздырғышты анықтау арқылы расталады. Диагнозды растау немесе теріске шығару үшін ауру немесе өлген малдың биоматериалын алу, оны лабораторияда зерттеу қажет. Содан кейін өсіндіні анықтаған жағдайда ғана ақырғы диагноз қойылады", - деп түсіндірді дәрігер.
Оның айтуынша, толыққанды диагностика жүргізу үшін бүгінгі күні мәліметтер жеткіліксіз болып отыр.