НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. RT телеарнасы журналистерге қақтығыс аймағында дайындаған үздік жұмысы үшін берілетін жыл сайынғы Khaled Alkhateb International Memorial Awards халықаралық сыйлығына өтінім қабылдауды бастады.
Сыйлық 2017 жылы 30 шілдеде Сирияда қаза тапқан журналист Халед әл-Хатыбты еске алу үшін тағайындалған. Биыл бұл жүлде төртінші рет өткізіліп отыр.
Халед әл-Хатыб атындағы Халықаралық сыйлық төмендегі аталымдар бойынша беріледі:
- "Қақтығыс аймағында дайындалған үздік жұмыс: мәтін";
- "Қақтығыс аймағында дайындалған үздік жұмыс: видео";
- "Соғыстан кейін: мәтін/видео" - соғысты бастан өткерген және бейбіт өмірге оралған адамдардың және тұтас халықтың тағдыры туралы. Номинация алғаш рет ұсынылып отыр.
Khaled Alkhateb International Memorial Awards — 2021 жүлдесінің жеңімпаздары 200 мың рубль көлемінде ақшалай сыйлық алады.
https://award.rt.com сайтында өтінім беруге болады. Жеңімпаздар 30 қарашада анықталады.
Алғашқы жылы Ирак, Ирландия және Сингапурдан қатысқан журналистер марапатталды. Қазылар алқасының құрамында шетелдік және ресейлік журналистер, оның ішінде Ирада Зейналова мен Евгений Поддубный болды.
2019 жылы 25 елден жолданған жұмыстар қаралды.
Сириядағы, Ирактағы және Ливиядағы қақтығыстар туралы айтқан Ресей, АҚШ, Италия және Үндістанның өкілдері лауреат атанды. 2020 жылы RT сыйлығын Ресей, Сирия және Үндістанның әскери корреспонденттері алды.
RT телеарнасы RT Arabic-пен ынтымақтастық орнатқан 25 жастағы журналист Халед әл-Хатыбты еске алуға арналған Khaled Alkhateb International Memorial Awards сыйлығын тағайындады.
Ол 2017 жылы Сирияның Хомс провинциясындағы содырлардың зымыран шабуылы салдарынан қаза тапты. Халед өз репортаждарында Сирияның үкіметтік күштерінің террористермен соғысын көрсетті.