НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин оппозициялық партия атынан ауыл әкімдірінің сайлауына түскен кандидаттар жайлы ойын айтты.
25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтті. Ауыл тұрғындары жергілікті аймақты басқаратын 700-ден астам басшыны сайлады.
Осы орайда Қазақстан президентінің көмекшісі Ерлан Қарин аталған ауыл әкімдерін сайлауда Қазақстанда тіркелген алты партия, соның ішінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) да өз кандидаттарын ұсынғанын айтты.
"Кеше Батыс Қазақстан облысында бір кандидаттың басым дауысқа ие болғаны туралы оқыдым. Мен мұны әлеуметтік желі арқылы біліп отырмын. Билік те халық сеніміне ие беделді азаматтардың әкім болғанын қалайды. Себебі бұл олардың сол елді мекендегі өзекті мәселелерді халықпен бірлесіп шешуі, ауыл-аймақтың өркендеуіне бірігіп атсалысуы үшін қажет", - деді Қарин Youtube арнасында Гүлнәр Бажкеноваға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, сараптамалық қауымдастықта ауыл әкімдерінің сайлауын талқылау жоғары болмағанмен, ауылдық округтерде кандидаттарды талқылау қызу жүрді. Ауылда электоралды белсенділік әркез жоғары. Адамдар дауыс беруде аса белсенді, барлығы бірін-бірі таниды. Сайлауды талқылау қандай да бір шара сипатында емес, тұрмыстық, қалыпты мәселелерді талқылау деңгейінде жүріп жатты.
"Қалалықтарға қарағанда ауыл тұрғындары Facebook немесе Instagram платформаларынан гөрі WhatsApp әлеуметтік желісіндегі чаттарды жиі пайдаланады. Сондықтан қала мен ауылдағы дауыс берушілердің коммуникациясы мен талқылауында айырмашылық бар", - деді Тоқаевтың көмекшісі.