Фильмде қазаққа Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды үш алыпты сыйлаған тылсымға толы Шыңғыстау өңірінің тарихи орындары көрсетіледі.
Соның ішінде әуелі Қоңыр әулие үңгірінің тарихы баяндалған. Қазақстанның киелі жерлері географиясы тізіміне енген үңгір Шыңғыстау сүлемінің бір бөлігі Ақтас тауының етегінде орналасқан. Осы үңгір жайлы аңыз-әңгіменің басым бөлігі Шыңғыс қағанмен байланысты өрбіген.
"Шыңғыс хан Қоңыр әулиеде жерленген деген ел аузында аңыз-әңгіме бар. Қоңырәулие жайлы айтылмай жатқан сыр көп, зерттелмей жатқан қаншама дүние бар", - дейді Абай аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Бақытжан Байболов.
Үңгірдің ішінде айнадай жарқыраған тұнық көл бар. Көлдің ұзындығы – 25 метр, ені – 10 метр, тереңдігі – 1,8 метр. Алайда мұндағы су көлемі жыл сайын өзгеріп тұрады.
Тағы бір қызық дерек – үңгірдегі көлдің градусы қысы-жасы өзгермейді, үнемі +4 градус болып тұрады. Ал үңгірдің ішіндегі температура +7 градус. Үңгір Абай ауданы мәдениет үйіне қарайды.
Шыңғыстаудағы тағы бір қасиетті мекен – Кеңгірбай кесенесі. Өз заманында әйгілі би болған Кеңгірбай Жандосұлы 1735-1825 жылдары өмір сүрген. 19 ғасырда салынған кесене 1997 жылы жөндеуден өтті. Мазар маңызды тарихи және мәдениет ескерткіш ретінде Қазақстанның қасиетті жерлері тізіміне енген.
Сондай-ақ видеода Семейге баратын жолдағы Еңлік-Кебек ескерткіші де көрсетілген. Бұл ескерткішті 1960 жылы Абай ауылының тұрғындары өз қаражатына орнатқан. Ол 1976 жылы ак мәрмәрмен қапталды.
Абай Құнанбайұлы өмірінің соңғы 10 жылын Шыңғыстаудың ішкі бөктерінде Жидебайда өткізген. Фильмде Абай тұрған музей-үй туралы баяндалған.
Айта кетері, былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жидебайға арнайы барып, Абай-Шәкәрім мемориалды музей кешенінің жөндеу жұмыстарымен танысты.