АҚШ-тың әскери-әуе күштері ауған қалаларын бомбалап, тәлібтер шабуылды үдетіп жатыр. Екі тараптың әрекетінен де зардап шегіп отырған бейбіт халық. Ауған босқындары Орталық Азияға қарай ығысып жатыр. Тәжікстан 100 мың адамды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Ауқымды маневрлер сериясын жүргізу үшін Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен Ресей әскері Ауғанстан шекарасына қарай жақындады.
БҰҰ (UNAMA) миссиясының мәліметінше, 2021 жылдың бірінші жартысында Ауғанстанда бейбіт халық арасындағы құрбандардың саны 5 183 адамға (1 659 мерт болған және 3 254 жараланған) жеткен. Бұл 2020 жылдың маусымындағы көрсеткіштен 47%-ке жоғары. Соның ішінде көз жұмғандар мен жараланғандардың 46%-і әйелдер мен балалар болса, құрбандардың 25%-і – үкімет күштерінің өкілдері.
АҚШ Әскери-әуе күштері Ауған армиясына қолдау ретінде авиасоққылар санын арттырды. Америкалық генерал Кеннет Маккензи алдағы аптада да әуеден жасалатын соққы еселене түсетінін мәлімдеді. Біраз бұрын Пентагон 21 және 22 шілдеде америкалықтар Ауғанстанда 4 әуе соққысын жасағанын хабарлады.
Ал тәлібтер АҚШ Әскери-әуе күштерінің бұл шабуылына қатысты наразылық танытып, Кандагар мен Гильмендтегі бомбалау салдарынан содырлар ғана емес, бейбіт тұрғындар да қаза тапқанын мәлімдеді. "Талибан"* "өз аумағын мейлінше қорғап", соғыс жалғасқан жағдайда шабуылдау операциясын қарқындатуды жоспарлап отыр.
Соғыстың аяқталатын түрі жоқ. Нангархар, Пактика, Логар, Газни, Кандагар, Герат, Балх, Джаузджан, Саманган, Сари-Пуль, Гильменд, Бадахшан, Кундуз бен Баглан провинцияларында соғыс қимылдары белсенді жүріп жатыр. Ауғанстан үкіметі содырлардың түнгі жорығына кедергі болу мақсатында 34 провинцияның 31-інде комендант сағатын жариялады.
Алайда Пәкістанның әскери қызметкерлері тәлібтердің бақылауында тұрған Ауғанстанның шекараға жақын аудандарында еркін қозғалып жүр. Нангархар шығыс провинциясының губернаторы Зия-уль-Хак Амархейль мерт болған содырлардың қатарында Пәкістаннан шыққан 39 азамат бар кенін айтты.
Тәлібтер өз бақылауындағы аумақты кеңейтіп жатыр. Жергілікті халыққа қысым көрсетіп, басып алған аудандардағы әйелдер мен балаларды күң мен құл деп санап отыр. Бейбіт тұрғындар енгізілген жаңа қатаң ережелер, күштеп некеге тұру, кәмелетке толмағандарды жихадшыға айналдыру фактілеріне қатысты алаңдаушылық танытуда.
22 шілдеде The Wall Street Journal газеті АҚШ 35 мың ауған аудармашысы мен олардың отбасыларын Катар мен Кувейттегі америкалық базаға орналастыруға дайын екенін жазды.
Ауған президенті Ашраф Гани тәлібтер "Әл-Каида", пәкістандық "Джаиш-е-Мұхаммед", "Лашкар-е-Тайба"* топтарымен тығыз байланыс орнатып, елді террористердің тұрағына айналдыруды көздеп отырғанын айтты. Расында да Ауғанстанда отызға жуық террористік топ бар. Ал "Әл-Каида"* 15 ауған провинциясында өз содырларын орналастырған. Бұл топтардың өзара қақтығысы мен үкімет күштеріне қарсы соғысы ауған жеріндегі соғыстың жақын болашақта аяқталмайтынын аңғартады. Себебі Ауғанстандағы халықаралық терроризм жайдан-жай жойыла қоймайды.
Осы жағдайдың барлығын есепке алсақ, ауған босқындарының саны арту қаупі жоғары болып отыр. Еске салсақ, 1996-2001 жылдары тәлібтердің бақылауынан тыс Панджшер провинциясында 500 мыңға жуық босқын бас сауғалады. Олар ас-судан тарылып, ашығып жатты. Егер "ислам эмираты" ығыстырған жүз мыңдаған ауған Орталық Азияға қарай ығысса, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстандағы гуманитарлық дағдарыс шынайы қауіпке айналады.
Тәжікстан төтенше жағдайлар комитеті басшысының орынбасары Эмомали Иброхимзода республика 100 мыңнан астам ауған босқынын қабылдауға және Тәжікстан қорғаныс министрлігінің полигондарына орналастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ бұл нақты сан емес. Себебі 2021 жылдың соңына қарай ол көрсеткіш он есе көп болуы мүмкін. Ал бұл Орталық Азияның барлық еліне әсер етеді.
Тәлібтер іргелес жатқан елдердің шекарасын бұзбауға уәде етті, бірақ Ауғанстанның солтүстігіндегі жағдай өз бағытында өршіп, бәрібір Орталық Азия аумағына қарай ығысып жатыр. Сондықтан Ресей мен оның одақтастары бірқатар әскери шара қабылдап жатыр.
2 шілдеде Ресей мен Тәжікстанның қорғаныс министрлері Сергей Шойгу мен Шерали Мирзо тәжік-ауған шекарасындағы жағдай мен бірлескен іс-шаралар жайын талқылады. 23 шілдеден бері Ташкент 230 мың әскери қызметшіні жұмылдыру арқылы оңтүстік бағытта оқу-жаттығулар өткізіп жатыр.
30 шілде - 10 тамыз аралығында Ресей мен Өзбекстанның бірлескен әскері өзбек жеріндегі Сурхандария облысында Ауғанстанмен шекаралас аумақта маневр жүргізеді. Тәжікстан Республикасының Хатлон облысындағы Харб-Майдон полигонында 5-10 тамыз аралығында Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан әскерінің террористерге қарсы операциялардың элементтерін пысықтайтын бірлескен маневрлер өтеді. Осы секілді Оралық Азия елдерінің аумағына "Талибан"*, "Әл-Каида"*, ИМ* секілді террористік топ содырларының кіруіне төтеп беру операциясы жүргізіледі.
* – Қазақстан Республикасында жәнеи бірқатар мемлекетте тыйым салынған террористік ұйым