Қоғам

Біртанов: мен бұл күдікпен де келіспеймін

© Sputnik / Абзал КалиевМинистр здравоохранения Елжан Биртанов
Министр здравоохранения Елжан Биртанов - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.07.2021
Жазылу
Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды. Алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап "лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" деп өзгертілді

АЛМАТЫ, 26 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты үйқамақта отыру мерзімін ұзарту туралы шешімді өзгертпеді.

Бұған дейін тергеу соты Біртановқа қатысты үйқамақ уақытын кезекті рет ұзартты. Прокуратура қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын, енді процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуы керек екенін айтты. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 133 томнан тұратын іспен танысу үшін көбірек уақыт қажет.

Сол кезде сот прокурордың дәлелімен келісіп, үйқамақ уақытын 2021 жылдың 14 қыркүйегіне дейін ұзартты. Судьяның пікірінше, Біртанов бостандықта болса, қылмыстық істі объективті тергеуге кедергі келтіруі (өз бетінше немесе сенімді адамдар арқылы) не сот пен тергеуден жасырынуы мүмкін. Ал Біртановтың адвокаттары үйқамақ мерзімін ұзартуға қарсы шығып, апелляцияға берді.

Дүйсенбіде бұрынғы денсаулық сақтау министрі үйқамаққа қарсы шықты.

"Былтыр қазанда маған ұрлық жасады деген күдік тағылды. Он айдан кейін іс қызметін теріс пайдалану ретінде қайта сараланды. Бұл әртүрлі бап – мәні мен жазасы да әртүрлі", - деді Біртанов.

"Көпшілік менің бюджет қаражатын жымқыруға қатысым бар деп есептегенінің өзі бәлек нәрсе. Ал ұзақ уақыт өткеннен соң, тергеуден кейін ұрлық пен қаржы жымқыру болмағаны, лауазымдық міндетін теріс пайдаланды деген күдік тағылғаны бөлек жайт. Мен бұл күдікпен де келіспеймін және ешқандай теріс пайдалану болмағанын дәлелдеу үшін басты сот талқылауын асыға күтемін", - деді ол.

Алайда қалалық сот Біртанов пен адвокаттарының дәлелімен келіспеді және оны үй қамауында қалдырды.

"Судья 14 шілдеде соттың қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде күдікті Біртановтың үй қамауында болу мерзімін санкциялау туралы шешімін өзгеріссіз қалдырсын деген қаулы шығарды", - деді Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Элеонора Оңғарсынова.

Біртановқа қандай айып тағылды

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті (бұл қызметті ол 2017 жылдан бері атқарды). Бұрынғы шенеуніктің ұсталғаны туралы қарашаның басында белгілі болды: сол айда Біртанов үй қамауына алынды, ол әлі күнге дейін қамауда отыр.

Бастапқыда Біртановқа мемлекет ақшасын жымқырды деген айып тағылды, алайда сотқа дейінгі тергеу аяқталғанға дейін бес күн бұрын бап "лауазымдық өкілетін теріс пайдалану" деп өзгертілді.

Қаржы мониторингі агенттігінің пікірінше, Біртанов пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берді. Қазір платформа жұмыс істемейді, ал орындалмаған жұмыстардың құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланады.

Бұдан басқа Біртановқа өкілетін асыра пайдаланды деген тағы бір айып тағылған. Ол 2020 жылдың маусымында Тараздан Нұр-Сұлтанға жету үшін санавиация ұшағын заңсыз пайдаланған деген күдіккен ілінді.

Жаңалықтар
0